©
Түркістан облысында оқ жарақатын алған Төлеби ауданы әкімі орынбасары Рабиға Бейсебаеваның жағдайы тұрақты. Бұл туралы Леңгір қалалық ауруханасының бас дәрігері Жандар Нышанов мәлім етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бас дәрігердің сөзінше, қазір Рабиға Бейсебаева дәрігерлердің бақылауына алынған.
«Рабиға Бейсебаева ауруханаға кеше жеткізілді. Оның жағдайы әзірге қалыпты. Бас тұсына оқ жанамалап өткен. Бірақ аса ауыр зақым келтірмеген. Қазір тұрақты түрде біздің бақылауымызда. 2-3 күнде ауруханадан шығарылады»,- деді Жандар Нышанов.
Айта кетейік, күні кеше Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваға белгісіз біреулер шабуыл жасап, өлтірмек болған еді. Түскі үзіліс кезінде қызметтік көлігімен үйіне келген шенеунікке үш тұлға оқ атқан. Алайда Рабиға Бейсебаева көршілерінің арқасында аман қалды. Ол тез арада ауруханаға жеткізіліп, сонда жатқызылған болатын. Өңірдің тәртіп сақшылары болса осы қылмысқа қатысы бар деген екі күдіктіні ұстап, қамауға алды. Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Өзге де оқиғаға қатысы болуы мүмкін адамдар іздестіріліп жатыр.
Көрнекі сурет сайттың архивінен