Елімізде жоғарғы сот судьяларын сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн. Ол үшін Президент үміткерлерді Сенатқа ұсыну қажет екенін атап өтті деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
-Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, сот қазыларын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек. Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын, - деді ел Президенті бүгінгі Жолдауында.
Ол жоғарғы сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн екені атап өтті. Аталған салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау қажеттігін де ескертті.
-Маған құқық қорғаушылар, адвокаттар қауымдастығының өкілдері бірнеше рет өтініш жолдады. Олар елді жаппай тәртіпсіздікке үндеген адамдарды қатаң жазалау қажет екенін айтты. Бұл – орынды ұсыныс. Сондықтан өкілетті органдарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдауды тапсырамын. Біз кез-келген ашық арандатушылыққа және заңсыз іс-әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді, - деді Мемлекет басшысы.