Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жаңа заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыруға бағытталып отыр.
«Конституциялық Заң жобасының мақсаттары Конституциялық Сотты құру бөлігінде Конституцияға енгізілген өзгертулерді іске асыру, мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейту, Негізгі заң ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету. Конституциялық заң жобасы 3 бөлімнен, 10 тараудан және 67 баптан тұрады. Мазмұны бойынша жобаны екі бөлімге бөлуге болады. Біріншісі – ол Конституциялық Соттың және оның судьяларының мәртебесі, олардың кепілдіктермен қамтамасыз етілуі. Ал екінші бөлім конституциялық іс жүргізу тәртібіне арналған», - деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.
Алдағы уақытта Конституциялық Сот еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болмақ. Тағы бір айта кетерлігі, бұл биліктің сот тармағына жатпайды. Себебі, бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешімін тауып отыр. Заң жобасында Конституциялық Сот судьяларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату тәртібіне байланысты мәселелер толық регламенттелген.