© Informburo.kz
Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстандағы мектеп формасының бағасына не әсер ететінін айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
"Жуырда жаңа оқу жылы басталады, демек, ата-аналар үшін мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алу қажеттілігі туындайды. Бүгінгі таңда олар бетпе-бет келген басты мәселе - осы аталған нәрселердің қымбаттауы. Әрине, баға сомасын белгілеуге әлемдік логистиканың, шикізат пен қызметтердің құны әсер етеді, десек те Үкімет пен әкімдіктердің құзіретінде қазақстандықтар үшін мектепалды сатып алуды қаржылық жұмсартуға мүмкіндік беретін тетіктер бар", - деп жазды Әлихан Смайылов өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Премьер-министр оларға шұғыл шаралар қабылдау тапсырылғанын атап өтті.
"Біріншіден, мектеп формасының бағасын ұстап тұру үшін Индустрия министрлігі "Атамекен" ҰКП және әкімдіктермен бірлесіп жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы, ірі тігін цехтары мен ателье өкілдерімен келіссөздер жүргізеді.
Екіншіден, сауда министрлігі "Атамекен" ҰКП және әкімдіктермен бірлесіп, ірі сауда орталықтары және базарлармен кеңсе тауарлары, сөмкелер, аяқ киім және басқа да мектеп керек-жарақтарының бағаларын ұстап тұру мәселелерін пысықтайды.
Үшіншіден, әкімдіктер "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, облыс және аудан орталықтарында, Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында төмендетілген бағамен мектеп жәрмеңкелерін, сондай-ақ мектеп автодүкендерінің шалғай ауылдарға шығуын ұйымдастырады.
Төртіншіден, әкімдіктер аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек көрсетуі үшін мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдарды бекітеді. Бесіншіден, мұқтаж отбасыларды қолдау аясында "Жаппай оқыту" қорына өңірлердің бәрі бірдей қаражат бөлген жоқ. Сондықтан әкімдерге аталған жобаны қажетті көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды", - деді Әлихан Смайылов.