Бүгін елімізде ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау өтеді. Осылайша республиканың 17 өңірінен Сенатқа бір-бір депутаттан сайланады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сiлтеме жасап.
Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, сайлау бюллетендеріне 46 кандидат енгізілді. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысынан - 4 кандидаттан, ал 10 өңірден 3 кандидаттан: Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары. Қалған өңірлерден - 2 кандидаттан тіркелді.
Республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3 069 мәслихат депутаты енгізілген. Олардың басым бөлігі Алматы облысынан - 317 және Шығыс Қазақстан облысынан – 301, ал едәуір аз бөлігі Нұр-Сұлтан қаласынан - 21, Шымкент қаласынан - 26 және Алматы қаласынан - 32.
Орталық сайлау комиссиясы және аумақтық сайлау учаскелері тарапынан толыққанды жұмыс жүргізілді. Коронавирус індетіне байланысты сенаторларды сайлаушы мәслихат депутаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалды.
Бұл жолғы Сенат депутаттарын сайлауға шетелдік байқаушылар көп қатыспайды. Бұған әлемді жайлаған коронавирус індеті себеп болып отырғаны белгілі. Дегенмен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінен 5 байқаушы аккредиттелген.
Мұнан бөлек, ҚР СІМ жанында аккредиттелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 143 өкілі сайлау туралы заңнамаға сәйкес сайлауды халықаралық байқаушылармен тең дәрежеде байқай алады.