Әлем жұртын әуреге салған індеттің кесірінен биылғы Рамазанда мұсылман қауым арқа-жарқа болып ауызашарға, топ болып тарауыққа қатыса алмайды. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойылғанын атап өтті.
«Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы қымбат құндылық болғандықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Әрине бұл – уақытша сынақ. Алайда жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы. Онлайн режімде насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы қасиетті Рамазанда жамағаттың игілігі үшін мынадай жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының www.muftyat.kz сайтынан «Рамазан энциклопедиясы» қосымша парақшасы қосылып отыр. Еліміздегі облыс орталықтары мен аудан, қалалардың, кенттердің Рамазан кестесі қазақ және орыс тілдерінде www.muftyat.kz сайтына орналастырылды. «Хикмет ТВ» студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдарымыз бен ұстаздарымыздың «Отыз күнге – отыз уағыз» атты онлайн жоба дәрістері жүргізіледі. «Хикмет ТВ» студиясы арқылы Рамазан айында күн сайын Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қабырғасында күніне бір сағат арнайы онлайн-хатым оқылып, қасиетті Қадір түнінде Құран хатым дұғасы жасалады. Сондай-ақ muslim.kz Instagram парақшасы арқылы имамдармен бір толқында дұға жасауға ниеттелген жамағаттың игілігі үшін Рамазан айының бірінші күнінен бастап, күнделікті әр 15 минут сайын Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қабырғасында «Батамен ел көгерер» атты онлайн режімде дұға жасап, батаға қатысу рәсімі ұйымдастырылатын болады», деді Бас мүфти.
Сонымен қатар ол төтенше жағдай кезінде пітір садақасы мен зекетті онлайн режімде берудің оңтайлы жолы ойластырылғанын да ортаға салды.
«Осыған дейін хабарлағанымыздай биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Бұл туралы осыған дейін хабарладық. Мамыр айының 19-нан 20-сына қараған түн – мың айдан қайырлы болған қасиетті Қадір түні. Алла қаласа 24 мамырда Ораза айт намазын оқимыз. Жаратқан Жаббар Иеміз Ораза айтты мешіттерімізде жамағатпен оқуды жазғай! Осынау қуанышты күнді жақын еткей! Әмин! Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Алла тағала қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 148-аятында: «Әркімнің бір бет алатын құбыласы бар. Сонда жақсылыққа жарысыңдар», деп баяндайды. Ауыз бекіткен жандарға азық-түлік жеткізіп берсеңіз де ауыз аштырғанның сауабын аласыз. Тіпті көмекке мұқтаж отбасыларға ауызашарға кететін шығынды беріп, қаржылай қолдау көрсетсеңіз де мол сауапқа кенелесіз. Жоғарыда айтқанымыздай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы. Осы ретте барша отандастарымды: Көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге, еліміздегі мешіттер арқылы ауызы берік отандастарымызға ауызашар тағамдар таратуға шақырамын! Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше, берекесін арттырады. Біз берген садақа бір отбасын қуанышқа бөлейді. Ендеше көмекке зәру шаңырақты шаттыққа бөлеп, үлкеннің батасын алып, алғысына бөленейік. Алла Елшісі: «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», деген. Халық даналығында айтылатын: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің», деген нақыл сөздің мәні осы болса керек. Түйіндеп айтқанда, Ораза – сауап жинап, рухани кемелдену айы. Рамазан – Раббымыздың мейрім-махаббатына бөленетін ай», деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Дереккөз egemen.kz