Өндірісті өлкемізде Маңғыстау мұнайының 55 жылдығы, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығымен қатар мұнайшылар мерекесі кең көлемде тойланды. Осынау мерейлі мейрам өркениетті өзгертіп, тұрмысымызды түзеген шикізаттың шежіресі бастау алған Жетібайда атап өтілді. Маңғыстау мұнайшыларының мерекесі толассыз құттықтау лебіздер мен игі шараларға, құрмет- қошеметке толы болды.
Мерейлі мереке Жетібай жерінде алғаш мұнай ашқандарға орнатылған ескерткіш жанында ҚР көрнекті мемлекет қайраткері, 1964-1977 жылдары «Жетібаймұнайгаз» мұнай- газ өндіру басқармасында еңбек еткен Нұрлан Балғымбаевқа арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатымен басталды. Жиынға облыс әкімі Алик Айдарбаев, облыс әкімінің орынбасары Сүйіндік Алдашев, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ өкілдері, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығы, ардагерлер, мұнайшылар және ауыл тұрғындары қатысты.
– Жетібаймұнайгаз өндірістік басқармасы – ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. Оны Маңғыстау мұнай-газ кәсіпшілігінің локомотиві десек қателеспеспіз. Осы қарашаңырақта елімізге белгілі Нұрлан Балғымбаев, Ләззат Қиынов сынды елге белгілі азаматтар еңбек етті.Өзім де осы шаңырақтың түлегімін. Нар тұлғалы азаматтармен үзеңгілес болғанымды зор мақтанышпен, үлкен қуанышыпен еске аламын. Мұнайшы мамандығының бар қиындығы мен қызығын бір кісідей білемін. Қадірлі мұнайшылар, мерекелеріңіз құтты болсын! – деді облыс әкімі А. Айдарбаев.
Cондай-ақ, салтанатты сәтте өндірістік басқарма алаңында бой көтерген «Еңбек даңқы» мұражайының лентасы қиылды. Маңғыстау мұнайының тарихынан сыр шертетін мұражайға суреттер галереясы, өндіріс алаңының макеті, кішігірім мұнай мұнарасы, қол еңбегін қажет ететін құрал-жабдықтар, Жетібайдың кен орындарынан өндірілген мұнай үлгілері, құжаттар және баспасөз бетінде жарық көрген мақалалар қойылған. Мұнайшының жұмыс киімдері мен үстелі, ыдыс-аяқтары, демалатын орыны бір бөлмеге жасақталған. Мұражайды аралаған көпшілік тарихи бейнеүзікті тамашалады. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаевтың айтуынша, мұражай іші әлі құнды деректермен толықтырылады.
– Бұл мұражай өңірдегі мұнай саласының дамуынан, өткен тарихынан, мұнайшылардың еңбек жолынан, жаңалықтардан хабар береді. Жастарымыз осы мұражай арқылы өткен тарихымызды, елге еңбек еткен майталман мұнайшыларды танып-біліп, тағылым мен тәлім алады. Елімізге белгілі мұнайшылар осы қара шаңырақта еңбек етіп, тәжірибе жинақтап, үлкен белестерге қадам басты. Барша маңғыстаулықтарды, мұнайшыларды мерекемен құттықтап, бастарына амандық, отбасыларына құт-береке тілеймін! – деді 1955-1998 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ президенті болған Меңдеш Салихов.
Мұнайшылар мерекесінде алаңға әсем безендірілген сахна құрылып, тігілген киіз үйлерде мол дастархан жайылды. Елімізге белгілі әншілер мен жергілікті өнерпаздар әсем әннен шашу шашып, күмбірлетіп күй төгіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ адами ресурстарды басқару жөніндегі вице-президенті Серік Әбденов басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың құттықтауын жеткізді.
–Сіздерді «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығымен құттықтаймын! Еліміздің байырғы кәсіпорындарының бірі саналатын аталмыш басқарма елу жыл ішінде мұнай- газ секторының күретамырына айналды. Кәсіпорын ұжымы мұнай өндірудің қыр-сырын жетік меңгере отырып, алдарына қойған міндеттерін жүзеге асыруда біліктілік пен кәсіби шеберлік танытып келеді. Алдағы уақытта да сіздердің биіктерден көрінетіндіктеріңізге сенімдімін. Құрметті әріптестер, сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт және ұзақ өмір тілеймін. Отбасыларыңыз әрқашан амандықта болып, шаңырақтарыңыз шаттық пен ырысқа толсын. Еліміздің ертеңі жолындағы еңбектеріңізде жаңа жетістіктерге жетіңіздер,- делінген құттықтау хатында.
Салтанатты жиында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Бянь Дэчжи, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев және бас директордың бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн және өзге де қонақтар құттықтау сөз сөйледі. Ақжарма тілектер айтылып, құттықтау лебіздер толастағаннан кейін ел ырыздығын еселеуде жемісті еңбек еткен бірқатар еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Екпінді еңбек тынысын толастатпай, кен орнында өндірістің қазанын бұрқ-сарқ қайнатып жүрген мұнайшыларға «Қазмұнайгаз»ҰК АҚ-ның, CNPС компаниясының, Кәсіподақтардың, облыс әкімінің, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының марапаты табысталды. Бұл күні қазақша күрес, гір тасын көтеру, арқан тартыс сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, мерекенің шырайын келтірді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="9443,9444,9447,9442"]