Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Маңғыстау мұнайының 55, «Жетібай» өндірістік басқармасының 50 және «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жас мамандар Кеңесінің 2 жылдығына орай «Алау» жазғы демалыс ақшатырында белсенді жастар бас қосып, мерейтойлық форум ұйымдастырды. Маңызды іс-шара барысында жас мамандар Кеңесімен жүзеге асқан ауқымды жобалар, игі бастамалар мен бір жыл бойғы тынымсыз еңбек нәтижелері баяндалды. "Wake up Technology" ақпараттық технологиялар компаниясының негізін қалаушы Асхат Абжанов жетекшілігімен шеберлік сыныптары өтіп, жастар жағы мол мағлұматқа қанықты. Өндіріс қазанында қайнаған жас мамандар өнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Әсем ән әуелетіп, күмбір күй төгілткен өнерпаз жастар тыңдарман мерейін өсіріп, көңілін серпілтті. Кезек өзекті істер мен өзгерістер жайын баяндауға келіп жетті. Алдымен жас мамандар Кеңесінің төрағасы Шыңғыс Әбдіров жыл басында бекітілген жоспарға сай жүргізілген жүйелі жұмыстардың жай-жапсарына тоқталып, ортақ мақсатқа қол жеткізу жолында жастардың сарп еткен жастық жігері мен қажымас қайратына алғыс білдірді.
«Өткен жылғы форумда Кеңес алдына қойылған міндеттердің орындалғандығы қуантады. Мәселен, құқықтық қамсыздандыру департаментінің қолдауымен компания қабырғасында қызмет ететін 18 бен 35 жас аралығындағы мамандардың мүддесін көздейтін жастар саясаты жасақталып, қолданысқа енгізілді. Жастар кадрлық резервінің негізін құрайтын «Өндірісті басқару мектебі» жобасы аясында жас мамандар өз біліктілігін арттыруда. 78 жас оқу-ағарту курстарына қатысып, кәсіби білімін жетілдірді. Компания қызметін оңтайландыру саясатын жүргізу нәтижесінде 82 тәлімгер тұрақты және ұзақ мерзімді штат кестесіне сай қызметке орналасты. 350 жас маманның әр түрлі деңгейде лауазымдары ілгерілеп, 44 жас жетекші қызметке тағайындалды. Біз үшін зор мүмкіндіктер есігін айқара ашқан аға буын өкілдері әрдайым есімізде. «Үлкенге құрмет - кішіге міндет» акциясы аясында компания зейнеткерлеріне арналған қайырымдылық-қамқорлық шаралар іске асырылуда. Рухани, мәдени құндылықтарымызды ұлықтау күн тәртібінен түскен емес. Тірісінен өлісін артық құрметтеген халық үшін әулие қасиетті ұғым. «Өлі жібімей, тірі байымас» деп жатамыз. «Аспан астындағы мұражай» атанған Маңғыстау тарихи жәдігерлерін қорғау, қамқорлыққа алу мақсатында Сисем ата қорымына сенбілік ұйымдастырдық. Жас мамандар еңбегі қалалық, облыстық деңгейде оң бағаланып, Ерболат Ещанов, Ғани Әбдісадық сынды замандастарымыз үздік мұнайшы, үздік көшбасшы ретінде танылды. Ал Абдислам Наурызбаев былтыр қазан айында Таиланд елінде өткен жастар арасындағы халықаралық интелектуалды сайыста бас жүлдені қанжығасына байлап келді. Сонымен қоса, жас мамандар арасында «Брейн ринг» интелектуалды ойындары ұйымдастырылады. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» демекші, жас мамандардың білім деңгейін арттыру назардан тыс қалған емес. Осыдан екі жыл бұрын бір ауыз ұсыныстан бастау алған Кеңес бүгінде өз маңыздылығын дәлелдеп, компанияның қоғамдық-саяси өмірінен айнымас орын алып келеді»,-деді Шыңғыс Әбдіров.
Өз кезегінде, жас мамандар кеңесінің белді мүшесі Ерлан Тағаев елімізде жастар саясатын жүзеге асыру жаңашылдық пен интелектуалды бәсекелестікке жетелейтіндігін тілге тиек етті.
«Компания және ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, қажыр-қайратын жұмсаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жас мамандар Кеңесі 2 жылдық мерейтойын атап өтуде. Зор тәжірибе, терең білім мен біліктілік алпауыт кәсіпорын қызметінің қарышты дамуына, өсіп-өркендеуіне оң ықпал етеді. Кез келген қиындыққа мойымай, қажырлы, адал еңбек етулеріңе тілектеспін»,-деді ол.
Жас мамандар форумы аясында өңірлік жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов сөз сөйлеп, «қара алтынды» өндірушілер күнімен құттықтады.
«Елбасы жас ұрпақты кәсіби маман және шынайы патриот ретінде көретіндігін айта келе, зор сенім артады. Жастардың қоғам дамуындағы рөлі зор. Өңірлік жастар саясаты мәселелері басқармасы сіздердің тың идеяларыңыз бен жаңа бастамаларыңызды әрдайым қолдайды. Мұнай-газ кешені қызметкерлері үшін биыл мерейлі жыл. Маңғыстау мұнай кәсіпорындарының мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келді. Мұнай саласы ел экономикасын дамытудың өзегі. Болашақта Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің ондығына кіретіндігіне сеніміміз зор. Бұл орайда сіздер секілді жас мұнайшы мамандардың тынымсыз еңбегі мен тыңғылықты ізденісі үлкен рөл ойнайды»,-деді басқарма басшысы. Сонымен қоса, Маңғыстау облысы әкімі А. Айдарбаевтың және өңірлік жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Нұрдәулетовтың атынан үздік жас мамандарға алғыс хаттар табысталды.
Жазғы танымдық лагер шеңберінде өткізілген мерейтойлық шара турасында Елордадан келген «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы құрамына кіретін барлық кәсіпорындардың жас мамандар Кеңесінің төрағасы Саят Қайгелдинов оң пікірін білдіріп, ризашылығын танытты.
«Осы секілді басқосулар, форумдар мен іс-шаралар жас мамандардың жетістіктері мен табыстарын, қалауы мен ұтымды ұсыныстарын басшылыққа жеткізеді. Әрі бұндай кездесулер еңбек өнімділігін арттырып, жастарды жігерлендіре түседі. Қызметкерлер мен басшылық арасындағы қарым-қатынастың нығаюуына септігін тигізеді. Мен қонақ әрі қатысушы ретінде өз тәжірибеммен бөлісіп, өзім секілді жастармен танысқаныма қуаныштымын»,-деп атап өтті ол.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқарма мүшелері Бақыт Иманбаев пен Пей Цзяньшен мырзалардың атынан жастар саясатын жүзеге асыруға және компанияның қоғамдық-әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше үздік қызметкерлер марапатталды. Сонымен қатар, жас мамандар Кеңесінің құрылуына екі жыл толуына орай кәсіподақ ұйымы қызметіне белсене қатысқан бірнеше жастарға алғыс хаттар табысталды.
«Іргелі кәспорында қызмет ететін жастар әрдайым жоғары жетістіктермен көзге түседі. Жұмысшы жастар жайы, мәселелері мен ұсыныстары, жаңа жобалары мен тың идеялары кәісподақтар орталығы тарапынан зор қызығушылыққа ие. Біз қолдау танытуға дайынбыз»,- дейді Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков.
Келелі басқосу соңында жас мамандар Кеңесі атынан өңірлік жастар саясаты мәселелері басқармасына Пір Бекет ата жерасты мешіті бейнеленген картина табысталды.
«Бүгінгі форумның басты мақсаты кәсіптік мереке мен атаулы күндер қарсаңында белсенді әрі білікті мамандар басын қосып, тиісті деңгейде атап өту. Шараның еңбеккер жастардың жаңа бастамаларға ынта-ықыласын оятуда, бәсекеге бейімділігін арттыруда, өзара ұжымдық достық қарым-қатынасты нығайтуда ықпалы зор. Форумның басты ерекшелігі оның еркін форматта өтуі. Өңірдегі мұнай кәсіпорындарының жас мамандары бір-бірімен танысып, тіл табысып, өзара пікір алмасып, ортақ мақсат айналасына топтасуға мүмкіндік алды. Форумға 60-тан аса жас қатысып, белсенді ат салысты. Қазіргі таңда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да қызметкерлердің 10 пайызын жастар құрайды. Жас мамандар кеңесі жемісті еңбек етіп келеді. Түрлі шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, артылған міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді»,-дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директордың әкімшілік мәселелері жөніндегі орынбасары Жетібай Төлегожаев.
Форум соңы командалық бәсекеге ұласты. Ұлттық спорттық сайыстар ұйымдастырылып, үш топ сынға түсті. Жеңімпаз командаларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген Т. Құсайын