Жаңа оқу жылында Бейнеу ауданының Бейнеу селосында жаңа білім ордасының есігі айқара ашылып, шәкірттерді білім алуға шақырған күміс қоңыраудың алғашқы сүйкімді сыңғыры естілді. Балалардың игілігіне білім күні берілген бұл ғимараттың кең де жарық бөлмелері 900 оқушыға арналған.
Биология, химия, физика, ағылшын тілі пәндерінің заманауи кабинеттері жабдықталған мектеп құрылысына Ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттерден 1 миллиардтан астам қаржы бөлінген. Мұнда білім сапасын арттыру мақсатында бастапқы әскери дайындық, мультимедиялық және лингафон кабинеттері де жұмыс істейді. Сондай-ақ жаңа нысанда кітапхана, спорт және мәжіліс залдары, асхана, ал мектеп ауласында дала спорт алаңы бар.
Мектептің ашылу салтанатына арналған жиында облыс әкімі Алик Айдарбаев бейнеуліктерді білім күнімен, жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
-Тәуелсіздік жылдары әлеуметтік саладағы табыстарға Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында қол жеткіздік. Біздің заманымыз—білім заманы, басты күш білімде. «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауы, «Ұлт жоспары-100 нақты қадам» реформасы білім беру сапасын арттыруға, ұрпақты зияткерлікке тәрбиелеуге бағытталған. Қазіргі заманғы білім нысаны—балаларымыздың болашағына қосылған үлес. Осынау мектеп қабырғасынан өз отанын сүйетін дарынды, Қазақстанды гүлдендіре түсетін азаматтар өсіп шығарына сенімдімін,-деді өңір басшысы. Сол күні Бейнеу ауылында қос-қабат қуаныш болды. Жаңа мектеппен қатар мұнда 200 балаға арналған санаторлық ясли ашылды. 2008 жылдан бері жұмыс жасап тұрған бұл балабақшаның жұмысы өткен жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тоқтатылған болатын. «Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарына 11 миллионнан астам қаржы бөлінген. Жаңарып, жасанып, қайта ашылған мектепке дейінгі балалар мекемесінде бүлдіршіндердің тәрбиесімен қатар денсаулығына да ерекше назар аударылады. Өткен жылы ауданның Тәжен селосында 25 орындық балалар бақшасы мен 75 орындық мектеп-бақша пайдалануға берілген-ді. Ал Бейнеу селосындағы екі мектепте үш ауысымда оқуды жою мақсатында мектептерге жанама 175 орындық қосымша құрылыс салынып, жас ұрпаққа тарту етілген болатын. Бұл мектептер де білім күні сағына жеткен оқушыларын қарсы алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА, Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ