1-қыркүйек - «Білім күні» мерекесіне орай Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті және басқарма бөлімдері мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері білім беру мекемелерінде «Ерлік сабағын» өткізді.
1 мен 4-сынып оқушыларына «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында ашық сабақ жүргізіп, 5 және 8-сынып шәкірттеріне «Қазақстан елінің ерлігі», ал 9-11-сыныптарға «Мәңгілік ел- бір ел, бір тағдыр» тақырыбында сабақтар ұйымдастырылды.
Әдістемелік нұсқау жоспарына сай бұл патриоттық іс-шаралар аясында шәкірттер Қазақстан тарихындағы айтулы күндер, мемлекеттік рәміздер, Конституция күні, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жөнінде жан-жақты әрі толыққанды мағлұматқа қанығады. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиеге баулу, отансүйгіштік сезімін арттыруға бағытталған оң бастамаға облыс бойынша 100-ден астам білім ошақтары, 23000 оқушы мен 700-ге тарта мұғалім атсалысты. Жас ұрпақтың патриоттық сана-сезімін көтеруде маңызы зор «Ерлік сабақтарына» Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, интерноционалист жауынгерлер, Чернобыль апатының қатысушылары, әскери қызметшілер мен ата-аналар да қатысып, белсенділік танытты. Өңірлік қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен оған қарасты басқарма, бөлім офицерлері «Ерлік сабағында» тәлімді дәріс оқып, ардагерлер тарапы өздерінің ыстық ықыластары мен лебіздерін білдірді. Ал оқушылар әскери-патриоттық әндер шырқап, өз өнерлерін ортаға салды. Шара барысында Қарулы Күштердің құрылуы жайында бейнебаяндар мен әскери патриоттық «Айбын» жастар жиынының түсірілімі көпшілік назарына ұсынылды. Шәкірттер әскери қызметке деген қызығушылығы басым екендіктерін де көрсетті. Олар қызықты сауалдар қойып, әскери оқу орнына түсу жайлы қажетті ақпаратқа қол жеткізді. Қатысушылар тарапынан облыс бойынша өткізілген «Ерлік сабақтары» оң бағаланды.
Голрох Жеменей