Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында өңірлік төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Манарбек Мұханбетовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосу барысында суға түсу маусымы қорытындылары жайы сөз болды.
«Қазіргі таңда департамент құрамы жедел авариялық құтқару қызметімен толықты. Аталмыш қызметтің басты бағыты судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Биыл төрт адам суға кетіп, қайтыс болды. Былтырғы жылы 16 адам қайғылы қазаға ұшыраған еді. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігінде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысы ұйымдастырылды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарымен бекітілген біріккен іс-шаралар жоспары жасақталды. Өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе 32 ерікті жастардан құрылған жас құтқарушылар жасағы қызметін бастады. Өткен жылмен салыстырғанда суға түсу маусымында қауіпсіздікті сақтау бойынша оң нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Әдетте, өңірде суға шомылу маусымы қазан айына дейін жалғасады. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 30 демалыс базалары жұмыс жасайды. Жаз маусымында 5 балаларды сауықтыру лагерлері қызмет етті. Теңіз жағалауында суға түсуге қауіпті аймақтар белгіленіп, судан құтқару қызметінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды»,-дейді М.Мұханбетов.
Департамент тарапынан шомылуға қауіпті теңіз жағалауы бөліктері белгілен. Олардың қатарына «Шора» су каналы, С. Шапағатова селосындағы Ақтау қаласынан 43 шақырым жердегі жағалау және Ақтау қаласындағы 4-шағынаудандағы «Каспиан-Ривьера» қонақжайынан бастап 5-шағынаудандағы Т. Г. Шевченконың ескерткішіне дейінгі, ара қашықтығы 300 метрдей жасақталмаған жағалау бөлігі кіреді. Тиым салынған және қауіпті аймақтарда «Қала жолдары» ЖШС-мен бірлесе 8 тиым салу белгілері қойылды.
Биылғы жылы суға түсу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және апатты жағдайдың алдын алу бағытында жас құтқарушылар жасағы нәтижелі еңбек етті. Екі жас құтқарушы суға батып бара жатқан 3 адамды құтқарып, төтенше жағдайға тосқауыл қойды. Батыл әрі батымды азаматтар Департамент тарапынан марапатталып, Құрмет грамоталарына иеленген. Ерікті құтқарушылар қатарына қосылу үшін оқу-жаттығу курсынан өту қажет. Жас еріктілер күнделікті Маңғыстау облысы ТЖД «ЖҚЖ» ММ-нің құтқарушыларымен бірігіп үгіт-насихат жұмыстарын, демалушылармен әңгімелесу жүргізіп, жаднамалармен буклеттер тарқатты.
«Жедел-құтқару жасақтары адамдардың қаза болуына жол бермеу, оқыс оқиғалардың алдын алу бағытында жұмыс жасайды. Сонымен қоса, судағы жүріс-тұрыс пен дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету қағидалары баяндалған плакаттар, буклеттер мен парақшалар таратады. Демалыс орындарын патрульдеу және профилактикалық жұмыстарды жүргізумен айналысады»,-деп атап өтті полковник.
Суға түсуге тыйым салынған жерлерде шомылу, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру, суға мас күйінде түсу нәтижесінде қайғылы оқиғаларға кез болып жатады. Сондықтан су айдынында демалу кезінде мас күйінде немесе есірткіге масайған күйде суға түсуге және шомылуға, қайықтардан, катерлерден, өткелдерден, сондай-ақ осы мақсатқа арналмаған құрылыстардан суға секіруге, тексерілмеген, жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуге, жүзу шегін білдіретін қалтқы белгілерден асуға, жүзуге арналмаған заттармен жүзуге тыйым салынады.
Жыл басынан бері Департамент қызметкерлері өңір бойынша барлық мектептерде, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында облыстағы су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау туралы 1665 оқушыны қамтыған 54 дәріс өткізді. 965 мектепті, 686 оқушыны және 580 мұғалімді қамтыған 9 интерактивті сабақ өтіп, қауіпті бөліктердегі акваторияларға бақылау жүргізілді. 596 рейдтер және патрулдеу ұйымдастырылп, 21 мақала жергілікті мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрді. Облыс аумағында төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында 13 билборд орнатылды.
Балаларды жүзу тәсіліне үйрету мақсатында балаларды сауықтыру және демалыс лагерлерінде байқаулар, «Жазғы мезгілдегі су айдындарында демалу кезіндегі қауіпсіздік» тақырыбында викториналар өткізілді. Балаларға құтқарушылардың техникасы және құралдары көрсетіліп, жүзу тәсілдеріне тәжірибе жүзінде үйретілді. Ағымдағы жылы барлығы 1671 бала жүзуге машықтанды.
«Биыл көлік инспекциясымен және «Қазақстан –Ақтау» телеарнасымен бірлесе кішігірім кемелердің және басқа да жүзу құралдары басшыларының қауіпсіздік ережесін сақтау бойынша үнемі біріккен рейд жүргізіліп отырған. Кезекшілік кестесі бойынша қауіпті жерлерге құтқару посттары ұйымдастырылумен қатар халық ақпараттандыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында судағы қауіпсіздік ережесі турасында бейнебаяндар мен мақалалар жарық көрді»,-деп мәлімдеді төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары М.Мұханбетов.
Голрох Жеменей Суретті түсірген С. Майемеров