2019 жылы 12-шілде де Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының құрылғанына 35 жыл толады. Соған байланысты бұрын БАҚ-да жарияланған кейбір жазбаларымды қайта жіберуді жөн көрдім. Жер бетіндегі ерекше көрініп тұрған нысандарға атау қоюдың маңыздылығын біздің ата-бабаларымыз жақсы түсінген. Өмір сүру қажеттілігі үшін қай жерде не бар екенін белгілеу қажет болды. Міне осыдан жерге атау қою, жер-су атаулары пайда болған сияқты. Жер-суға атау қою картаның ауызша үлгісі тәрізді. Жер-су атауларын қоюда қазақ халқының шеберлігі ерекше назар аударады. Қазақ жер-су атауларын түсіне, сипатына, белгілі бір оқиғаға қатыстылығына, сол жерді мекендеген елдің немесе адамның атына, кездейсоқ жағдаяттарға байланысты қойған. Түсіне қарай «Қарамая», «Қызылқұм», сипатына қарай «Шақпақтымұрын», «Құмшоқы» және т.б. болып келеді. Үстірт қорығы аумағындағы жер-су атаулары да осы үрдістен бастау алған. Мұндағы атаулардың кейбірі түсінікті, жердің, судың орналасуына және қолданылуына қарай аталса, кейбір атаулардың шығу тегі әріден басталып, түсінікке қиындық туғызады. Мысалы, «Көкесем», «Өнере» атаулары. «Көкесем»-қорықтың солтүстік-шығыс бөлігіндегі табиғаты көркем, ерекше тау жыныстарынан құралған, шығыстан батысқа еңістене орналасқан, тілімденген шатқалды беткей. «Көкесем» атауы ежелгі түркі сөздерінен қалған болуы керек, мұндағы «есем» буыны тағы екі жерде, «Тасесем» және «Белесем» атауларында кездеседі. Шатқалды шыңның әсем табиғаты көрген жанды таң қалдырмай қоймайды. Ежелгі теңіз табанының орнында тас болып қатып қалған теңіз жәндіктерінің қалдықтары, қазіргі күні динозавр деп жүрген қазақ ертегілерінің бір кейіпкері таутайлақтың бейнесіне ұқсайтын тас мүсіндер адамды түрлі қиялдарға жетелейді. Шыңның төменгі етегінде тас арасынан тамшылап ағатын тұп-тұщы Көкесем бұлағы-арқар мен басқа да жануарлардың тіршілік көзі. Шың жиегінде атақты Көкесем құдығы. Көк тасты ойып қазған құдықтың суының дәмі балдай, мейір қандырады. Бұл құдық туралы «Қырдың құдығының суы екен, бірақ Көкесемнің суындай қайдан болсын»,-деп тамсанған түрікмен ақсақалының сөзінен артық теңеу бола қоймас! Балуанияз қорымы-ХIХ ғ. 50-жылдары түркмен шапқыншылығына қарсы күрескен Адайдың Балықшы руынан шыққан батырдың денесі қойылған төбе. Бұл жерде сол соғыста шейіт болғандар мен кейін қайтыс болғандар және Балуанияз батырдың құрдасы, досы- ескелді Тұрмамбет батыр жатыр. Қорым басындағы түнеуханада келген адамдар тілектерін жазып жүрген көк дәптер болушы еді, қазір ол жоқ. Бірде сол дәптерден Светқалидың (Нұржанов) жазғанын оқып, кейін көшіріп алармын деп жүргенде айырылып қалдым. Бір жолы ғана есімде қалыпты: «...Қалмақ үйген Қараоба бір кездегі, Балуанияз бұл күнде аталыпты ». Мәмекқазған құдығы- аты айтып тұрғандай, осы жердегі құдықты шегем Мәмек батыр қаздырған болуы керек. Бұдан басқа осы маңайда мекендеген шегем руының құдықшылары қазған Қарпыққазған, Нұртанқазған құдықтары бар. Адайда құдық қазушылар қай руда да болғанымен, бес Шегемнің, әсіресе Шегем мен Қараштың негізгі Алла берген кәсібі осы құдық қазу болса керек. Жалпы бұл аумақ Қараған босаға деп аталады. Олай аталуына Сенек-Қоңырат жолы осы, екі беті тау, босаға тәрізді дәліз арқылы Үстіртке шығады. Аңғар бойында қараған бұтасының тоғайы өседі. Қараған босаға асуы Басқараған, Ортақараған, Аяққараған болып бөлінеді. Үшеуінде де құдықтар бар. Басқарағанда ерекше табиғи құбылыс- жерасты карстық үңгірі бар. Үңгірдің көлбеу тереңдігі 160 м-дей, түбінде аздап алғаулы, тұщы су бар. Басқараған үңгірі туралы мәлімет жергілікті өлкетанушы-жазушы О.Көшбайұлының «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау» кітабында жақсы көрсетілген. Үстірт шың үсті жазықтығының Көкесемге бағыт алған жолға кесе көлденең Мұзбел жотасы шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Мұзбел аталуына бұл жердің ерекше табиғи құбылысы себеп болған секілді. Бұл белде шіліңгір шілдеде салқын жел соғып тұрады, жаздың ортасында түнде қалың жамылып жатпағанды тоңдырады. Кендірлі аңғары және бұлақтары-қорықтың орта тұсы аумағында, Үстірт шыңының беткейінде орналасқан жер және су көздерінің атаулары. Кендірлі- кендір өсімдігінің өсуіне байланысты қойылған. Кендірлі бұлақ көздері- Кендірлі алқабында орналасқан, 5 ұсақ бұлақтардың 4-нің ағысы үздіксіз. Өнереден кейінгі екінші ірі су көзі. Жылға ұзындығы 5 шақырымдай. Қорегі жерасты суы, дәмі кермек, мұздайлай ішуге жарамды. Арна бойынан 1984 жылы Кендірлі соры арқылы жол салу кезінде, диаметрі-30 м, тереңдігі 5 м-ге дейінгі тоған жасалған. Бұлақты бойлай жыңғыл тоғайы өскен. Суға жақын арна жиегінде және тоғанды қоршай қалың ши өседі. Кебіртең, тұзды топырақта кермек, сарсазан, судан қашықтау жерлерде қараған, сексеуіл және т.б. дала өсімдіктері кездеседі. Бұлақ осы маңайда мекендейтін шөл жануарларының негізгі тіршілік көзі. Жаман Кендірлі бұлақтар тобы- Кендірлі бұлағынан 5 шақырым солтүстік-батыста орналасқан. 4 бұлақтың екеуінің ағысы үздіксіз, құрғақ жылдары бөлініп қалғанымен мүлдем кеуіп кетпейді. Суының молдылығы Кендірліден аз. Шақпақтымұрын-батысқа қарай созыла Кендірлі сорына сұғына орналасқан, шақпақ тастардан тұратын тау тұмсығы. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай аласара созлып жатырған тау шыңдарының арасында Сарыбұлақ бұлағы, Үшқұдық, Қансу құдықтары жатыр. Бұл шыңдардың атауы Елшібек таулары. Қыр үстінде Елшібек атындағы қойымшылық бар, шамасы осы маңайды жаз жайлаған шаруагер, дәулетті кісі болса керек. Су көздері негізінен ащы, Қансу құдығы ғана мал ішуге жарамды болған. Қазір бұл құдықтарды ешкім пайдаланбайды. Елшібектен Өнереге құлайтын аңғар Қызылсай деп аталады. Кебіртең жоталы бауырлардың түсіне байланысты қойылған. Өнере-қорықтың оңтүстігіндегі ұзындығы 6-6,5 шақырымдай, арнасының орташа кеңдігі-1-1,5 м-дей, тереңдігі-0,8-1,2 м-дей, сор жиегіндегі жерасты суынан бастау алатын ірі бұлақ. 1969-70 жылдары геолог барлаушылар салған бөгет тұсында судың тереңдігі 2 м-ге жетеді. Суы ащы. Жағалауында қалың қамыс пен ши, жыңғыл араласа, ұйыса өскен. Топырағы сортаң, қабыршақтанып жатады. Аңғар жиектері гипс жыныстармен көмкерілген. Бұлақ басынан аулақтау жерлерде шөл зонасының сирек өсімдіктері өседі. «Өнере» сөзінің де шығу тегі белгісіз. Өнере төрткүлдері-Кендірлі сорының оңтүстік шетінде, Өнере бұлағының жайылма суының аяғында орналасқан, ерекше тұрпатты төбелер. Маңғыстауда төрткүл деп пирамида тұрпатты, жан-жағы тік беткейлі төбелерді атайды. Өнереде, сордың ортасында бұл төрткүлдердің бесеуі бар. Сақсорқа құмдары мен Сақсорқа құдығы-Өнеренің солтүстік-батысындағы, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай созыла орналасқан құмды жалдардың батыс жиегінде орналасқан құдық. Мал баққан шаруаның қыстауы, қалың сексеуілі мен бұташықтары, қары аз болатын жылылығы-шаруашылыққа өте қолайлы. «Сақсорқа» атауы-түркменнің сөзі болуы мүмкін деген болжам бар, этимологиялық талдауды қажет етеді. Ұялы құмдары-Сақсорқа құмдарына жалғаса солтүстікке қарай созылған құм массивтері. Ұялы аталуының себебі-түз тағысы қасқырдың көп болуына байланысты. Ұялы құмдарының батыс жиегінде Аққұдық елді мекені бар. Ежелден қоныс болған аймақта малдың көп болуына байланысты қасқыр да осы маңайды көп торуылдайды, сондықтан жиі ұшырасады. Аққұдық-жердің түсіне байланысты құдыққа қойылған атау. Суы алғаулы, малға ғана жарамды. Ауыз су ертеде Түйесіңірлі құдығынан тасымалданған, кейін ол да кермектеніп кеткен соң Түйесудың суын пайдаланып отыр. Түйесіңірлі құдығы-Аққұдықтың оңтүстігінде қозы көш жердегі су көзі. Түйесіңір осы маңда өсетін шөптесін өсімдік. Қансу түбегі-шың жиегіндегі Қансу құдығына қарсы бетте, Кендірлі сорының батыс жиегінде орналасқан үш түбектің атауы. Қиыршық тасты, өсімдігі жұтаң аймақ қарақұйрықтың қысқы мекені. Қансу түбегінен солтүстікте, сорды жиектей тілімденген ақ бор таулардың арасынан жарықтарда, жер бетіне жақын орналасқан бірнеше су көздері-Жарық құдығы деп аталады. Тасөткел немесе Еділбай фонтаны-мал шаруашылығына арналып, қолдан бұрғыланып шығарылған су көзі. Кендірлі сорынан Үстіртке шығар жолда, сор үстіне салынған өткелге байланысты Тасөткел аталған, ал екінші атауы бұлаққа жақын маңда қыстаған шопанның атына байланысты ел арасында аталып кеткен. Суы жылы, ащы, ағысы баяу, күкірттісутегінің иісі бар. Құрамында темір мөлшері көп. Кендірлі соры-қорықтың көлемді аумағын алып жатқан, солтүстіктен оңтүстікке созыла орналасқан, тұзды балшықты сор. Ежелгі Каспий теңізінің шығанағы болған, Каспий трансгрессиясының сазды-топырақты жамылғысының шөгуінің нәтижесінде пайда болған ойыс. Қарамая – түсіне және орналасу пішініне қарай аталған, шығыстан батысқа қарай созылып жатқан тау жоталарының атауы. Зерттеушілердің пікірінше ежелгі мұхит түбіндегі вулкандық жарылыстардың әсерінен түзілген. Тау жыныстары мен топырақ жамылғысының айналасынан өзгешелігі – бұл пікірді растай түседі. Геологиялық жасы жетпіс миллион жылды қамтитын таудың топырақ түзілімі қара қоңыр түсті, жұмсақ, сынғыш тастардан құралған. Тастар өте ұқыпты, әдемі етіп жинақталып, текшеленіп орналасқан. Жоталардың шығыс беткейінде көмір ұнтақтары кездеседі. Өсімдік жамылғысы–жұтаң, тырбық шашыраңқы орналасқан шөлдің шөптесін өсімдіктері. Тау жоталарының етегінде ыза бұлақтар ағып жатыр. Үстірт жабайы қойы–арқар осы тауда мекендейді. Құстардан бүркіт, жұртшы т.б. ұсақ торғайлар кездеседі. Тау жоталары алыстан мұнартып, сағымданып көрініс береді. Бұл жазбада жер-су атауларының атын атағанмен шығу тегі, мағынасы туралы сөз қозғаған жоқпын. Бұл өз алдына зерттеуді қажет ететін, терең тақырып болғандықтан арнайы зерттеушілердің үлесіне қалдырылды.
Меңдібай Ағи Суреттер автордың фейсбук парақшасынан алынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="82840,82839,82838,82837,82836,82835,82834,82833,82832,82828,82829,82831,82827,82825,82824"]