©
Сәрсенбі күні Достық үйінде өткен қоғамдық кеңестің кезекті отырысында облыс аумағында сумен қамту және су бұру жүйелерін жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәселе қаралып, бұл мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков ақпарат берді.
Өңірімізде ауыз су тапшылығының бар екендігі жасырын емес. Бірнеше жыл бұрын «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ есебінен су тұщыту зауыты салынғаны белгілі. С.Аманбековтың айтуынша, сол зауыт былтырдан бері қолға алынып, өткен жылы 4000 текше су өндіріліп, биыл 10000 текшеге дейін су шығарылып жатыр. Алдағы уақытта тағы 20000 текше қосу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталды. Қазіргі таңда бұл сметалардың мемлекеттік сараптамалардан оң шешімін алып, содан соң оған тиісті қаражатты республикалық бюджеттен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында несие есебінде алуға қолдау тауып, сол бағытта жұмыстар жүріп жатыр.
-Біріншіден, егер біз осы жүйені іске асыратын болсақ, осы су тұщыту зауытының өзі шамамен 20000 текшеге дейін су шығара алады,-деді ол.-Ондай жағдайда біз осы іргелес жатқан, тұрғындар саны жағынан Жаңаөзен қаласынан кейінгі үшінші орындағы Мұнайлы ауданының елді мекендерін сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз болады. Мұнымен қатар жүретін тағы да жұмыстар жасақтап жатырмыз. Біз осы суды өндіргеннен кейін елге жеткізіп беруіміз керек. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен қайта қарау кезінде тағы да қосымша қаражат алдық. Оған негізінен Батыр елді мекенін толықтай сумен қамтамасыз етуге, іргелес жатқан Атамекен елді мекенінде толықтай су жүргізу жұмыстарын бастауға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар Ақшұқыр елді мекенін сумен қамту үшін қаражат тапшы еді. Көп ұзамай бұл мәселе де шешілмек. Сонымен қабат су тұщыту зауытын да іске қосамыз және халықтың көп орналасқан жерлерін ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Осы бағытта үлкен жұмыстар жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Қазтрансойл» АҚ- тарапынан беріліп тұрған су мөлшерін 35 мыңға көбейтуді тапсырған болатын. Осы бағытта «Қазтрансойл» АҚ-да бірнеше бағытта жұмыстар жасалып жатыр. Сол бағыттар үш кезеңге бөлінген. Бұлар—2015-2017, 2017-2019, 2019-2020 деп бөлініп, 2020-жылға дейін 35000 текшеге дейін көтеру мәселесі қаралған. 2017 жылдың аяғынга дейін олар бірінші кезеңдегі жұмыстарын бітірген кезде біздің өңірімізге қосымша тағы 10000 текше су беруге мүмкіндік туады. Бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласында болып жатқан су тапшылығын шешуге де көмегі тиеді. Сонымен қатар Бейнеу ауданынынң орталығы Бейнеу селосында да жылдың соңына дейін бітетін үлкен бір жобаның аяқталуы қаралып жатыр. Ол жоба біткен кезде Бейнеу ауданының орталығы сумен толық қамтылатын болады. Соған байланысты ол жерден 12000 текше суды тазалайтын су қондырғыларының жұмысы бітіп қалды. Бұл қондырғыларға су жеткізу мәселесі де қарастырылуда.
Баяндамашы кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Отырыстың күн тәртібіне енген бір ғана мәселе төңірегінде айтылған ойлар мен ұсыныстар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ