«Сарбаз» кемесіне әскери-теңіз туы тапсырылды.
Ақтауда «Сарбаз» шекаралық кемесіне әскери-теңіз туы тапсырылды. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне орай құрастырылған «Сарбаздың» су сыйымдылығы 250 тонна. Орал қаласында шығарылған зымыранды-артиллериялық кеме осы жылдың мамыр айында теңізде сынақтан өтіп, ел шекарасын күзетуге дайын екендігін көрсеткен болатын. Кеме басшылығына әскери-теңіз туын ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақанов тапсырып, облыс әкімі Алик Айдарбаев сәттілік тіледі.
Әскери-теңіз туы салтанатты түрде кеме командирі Рустам Исмаиловқа тапсырылды. Теңіз туы кеменің қай елге тиісті екенін, сондай-ақ, оның әскери мәртебесін де көрсетеді.
Бүгін – аса маңызды күн. «Сарбаз» кемесінің іске қосылуы – бұл осы саладағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жаңа шекаралық су құралы барлық заманауи талаптарға сай. Каспий теңізінде бірнеше мемлекеттің экономикалық мүддесінің тоғысатындығы жасырын емес. Сондықтан ел Президенті жерімізді күзететін құрылымның материалдық-техникалық негізін жақсартуға, оны оңтайландыруға үнемі көңіл бөліп келеді. Экипажға бүгін тапсырылған әскери-теңіз туын биік ұстап, Отанымызды қорғауға адал еңбек етуді тапсырамын! Шекарашылар – еліміздің нағыз патриоттары! Олар - жеріміздің қорғаушылары!,-деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақанов.
Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағасын, бірден өзінің шекарасын бекітті. Бүгінде еліміздің дамуында шекарашылардың үлесі зор. Отан үшін от кешу – әрбір шекарашының міндеті. Биыл шекарашылар 24 жылдық кәсіби мерекесін атап өтуде. Атаулы мерекемен барлық шекарашыларды құттықтаймын! Отанымыздың игілігі үшін еңбек етіп жатқан қызметкерлерге өз ризашылығымды білдіремін. Соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм өзекті мәселеге айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ел қорғау - әрбір азаматтың міндеті ғана емес, бұл оған деген құрмет» деген болатын. «Сарбаз» шекара кемесінің өз туын төмендетпей, абыроймен алып жүретініне сенімдімін!,-деді облыс әкімі А. Айдарбаев.
«Сарбаз» Каспий теңізінде еліміздің шекарасын күзету сынды жауапты міндет жүктеліп отырған 34-інші су көлігі. Бұрынғы кемелерден артықшылығы да жоқ емес. Ұзындығы 40 метрлік әскери-теңіз кемесі радиотехникалық қару-жарақпен жасақталған. Артиллериялық зеңбіректен 5 мың метр қашықтықтағы нысаналарды атқылауға мүмкіндігі бар.
- «Сарбаз» кемесі биылғы жылдың мамыр айында Орал қаласында теңізге түсірілген болатын. Жыл сайын жағалауды қорғау саласы жаңа кемелермен толығуда. Бұл бір жағынан мереке болса, екінші жағынан мемлекет шекарасын күзету міндетін орындаудағы жаңа мүмкіндік дер едім. Жаңа кеме су астындағы және үстіндегі заң бұзушыларды анықтап, оларды құрықтауға қауқарлы. Шекарашыларға арналып жасақталған «Сарбаздың» өз қызметін абыроймен атқаратынына деген үміт зор,- дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі жағалау-өңірлік басқармасының бастығы Қ.Мұқанов.
«Сарбаз» су астындағы диверсиялық қауіп-қатерді анықтайтын гидроакустикалық стансамен жабдықталған. Техникалық іс-қимылы жетілдірілген, экипаждың тұрмыстық жағдайының жайлылығы ескерілген. 27 экипаж мүшесі автономды тұщыландыру жүйесінің арқасында ашық теңізде 10 тәулікке дейін жүре алады.
- Бүгін – әрбір теңізші үшін маңызды да қуанышты күн. «Сарбаз» кемесінің жалауы көкке көтерілді. Жаңа кеме теңізде тәжірибеден өтіп, өзінің барлық мүмкіндіктерін көрсетті. Көптен күткен күн туып, кеме жалауын көтеріп, теңізде өз қызметін бастағалы тұр. Аса зор қуанышпен және жауапкершілікпен Каспий теңізінде шекара күзетуге жолға шығамыз! -деді «Сарбаз» шекара кемесінің командирі, капитан-лейтенант Р.Исмаилов.
Рустам Исмаиловтың әскери салада қызмет еткеніне 11 жыл болыпты. Кеме командирі ретінде де тәжірибесі бар теңізші жігіт «ІІ рангтегі жаңа кемеге басшы болу –мен үшін үлкен құрмет. Бүгін тапсырылған әскери туды әрқашан биікте ұстауға мақтанышпен ант етемін!» дейді.
Өткен жылы Каспийде Қазақстан заңын бұзып, мемлекетімізге шығын келтірген 2 кеме мен 8 Әзірбайжан азаматы ұсталған. Шекарадан заңсыз өткендер 1 тонна қызыл балық ұстап, қарақшылықпен айналысқан.
Өңірімізге арнайы іссапармен келген келген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақанов салтанатты шарадан соң шекара қызметінің әскери бөлімшелеріне барып, шекарашылардың қызметімен танысты.
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="8571,8569,8570,8566"]