©
19-тамыз күні сағат 11.30 шамасында республикалық маңызы бар Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен автокөлік жолында жол-көлік оқиғасы орын алды. Бетпе-бет келіп, соғысқан қос автокөліктер—«Лада Ларгус» және «Тойота Фортунер».
«Лада Ларгусте» Астана қаласында өтетін республикалық жарысқа қатысу үшін жолға шыққан 7-14 жас аралығындағы бес спортшы балалар мен олардың жаттықтырушысы отырған. Апат салдарынан көлік жүргізушісі мен 13 жасар бала көз жұмды. Жаттықтырушы облыстық аурухананың травматология бөлімшесіне жатқызылды. Ал төрт баланың үшеуі облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімшесіне, біреуі палатаға жатқызылған.
Сол күні облыс әкімі Алик Айдарбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр және өзге құзырлы органдар басшылары облыстық балалар ауруханасында болып, апатқа ұшыраған балаларды көріп, олардың жағдайымен танысты. Балалардың ата-аналары және туыстарымен кездескен Али Серікұлы балалардың сауығып кетуі үшін қолдан келген бар жағдайды жасауға уәде берді. Сондай-ақ облыс басшысы жол апатының орын алуына себеп болған жайттарды анықтап, кінәлілер жазаланатынын айтты және Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен хабарласып, қажетті мамандарды шақырды.
Тамыздың 19-нан 20-на қараған түні Астанадан санитарлық авиация ұшағымен келген бір топ мамандар шұғыл көмек көрсетті.
-Қазір жансақтау бөлімшесіндегі есін жиып, жазылуға бет алған екі бала палатаға ауыстырылды,-деді балалар ауруханасының директоры Кәмшат Тұрсынбекова.-Ал үшіншісінің жағдайы әзірше ауыр күйде. Дәрігерлер ұйғарымы бойынша оған ота жасау кейінге қалдырылды. Балалардың барлығы қатаң бақылауда.
Дзюдодан өтетін жарысқа алты бала баруы керек екен. Алтыншы баланы ата-анасы өздері пойызға апарып отырғызғаны кейін белгілі болды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="8563,8562,8561,8560,8559"]