"Жас проджект" жастар корпусын дамыту жобасының кезекті жеңімпаздары Құрықта мақта-жүн түтетін цех ашып, өз жұмысын бастап кетті. Бұл жоба - ұмыт болып бара жатқан ұлттық қолөнерді қайта жаңғырту мақсатында ұсынылған. Жоба лидері - Айтгул Халджанова. Ал әріптестері Фатима Нұрғожақызы мен Мөлдір Абилова цехты дамыту үшін аянбай еңбек етуде. Мерзімді жобаның ары қарай да жалғасуы үшін, малды ауылдар және шаруашылығы бар кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс жасап, қой, түйе жүндерін жинап, жуып, түтіп, нарыққа шығаруға тігін шеберханаларымен келісім жасасу керек. Ауданымызда ұлттық қолөнер бұйымдарды, қыз жасауын жасайтын шебер жандар көп-ақ. Жалынды жастар жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс жасаса, жетістікке жететіндері сөзсіз. Ертең жоба мерзімі аяқталғанға дейін кәсіпті дөңгелетіп, аяқтан тұрып кетуге, әрі қарай кәсіпті сәтті жалғастырып кетуге толықтай мүмкіндік бар. Сонымен қатар аталған жобаны жетілдіру аясында аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алия Жұмабайқызы, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ахмет Шынбергенов, "Атамекен" кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының басшысы Аманат Махмутов қолдау көрсетуге әрқашан дайын екендіктерін жеткізді.
Шынар КЕНДІН