Құрық ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 120 пәтерлік тұрғын үйлері пәтерлерінің кілттерін салтанатты тапсыру рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету, кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру тапсырмаларын орындау мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үйлер пәтерлерінің кілттерін тапсыру салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, облыстық мәслихат хатшысы Нұри Тумышев, облыстық мәслихат депутаттары, аудан басшылығы, ардагерлер және тағы басқа қонақтар, БАҚ өкілдері қатысты. Әуелгі сөз кезегін алған Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Өтелгенұлы аудан тұрғындарын жаңа қонысымен құттықтап: - Әрбір адам үшін баспананың маңызы зор. Қарақия ауданында жаңадан салынған тұрғын үйдің орналасқан жері бұрын ашық дала болатын, ал қазір жаңа тұрғын үйлер бой көтерген шағын қалашыққа айналды. Алдағы уақытта Жетібай ауылында тозығы жеткен үйлердің орнына жаңа үйлер салынатын болады. Осы орайда, сапалы және мерзімінде атқарған жұмыстары үшін мердігер компания мен құрылысшыларға алғысымды білдіргім келеді, - деді. Ауданның тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасыларға, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған көп балалы аналарға, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын осал топтарына жататын азаматтарға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға пәтер кілттері табысталды. Пәтер алғандардың атынан көпбалалы ана Назгул Басбаева сөз сөйлеп, аймақ және аудан басшыларына алғыс білдірді. Сондай-ақ теңізге жақын жерде осындай тамаша тұрғын үйді салып, халық игілігіне берген мердігер мекеме мен "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасына алғы айтылды. Бұдан соң аймақ және аудан басшылары пәтерлі болған отбасылардың баспанасына барып, тұрғын үй құрылысымен танысты. Жоба бойынша әрбір үй 24 пәтерден тұрады. Екі бөлмелі үйдің ауданы 53, 54 және 55 шаршы метрді құрайды. Тұрғын үй құрылысына республикалық бюджет есебінен 861 млн.теңге жұмсалған. Жалпы бес қабатты 4 тұрғын үйдің 120 пәтерінің кілті кезекте тұрған аудан тұрғындарына таратылды.
Шынар КЕНДІН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86562,86563"]