Жуырда облыс әкімі Серікбай Трұмов жұмыс сапарымен Маңғыстау ауданына барды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Облыс әкімі Серікбай Трұмов Маңғыстау ауданына жұмыс сапары барысында Жыңғылды ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауылдың даму жоспарымен танысты. Тұрғындар өңір басшысына ауылдағы бірнеше мәселені баяндады. Соның бірі спорт зал мәселесі. Ауылда бірнеше спорт шебері атағын қорғаған, шет елдерден жүлделі орындарды иеленген жастар бар. Алайда, ауылдағы спорт алаңының өте шағын болуына байланысты, олардың спортпен еркін шұғылдануына кедергі келтіріп отыр. Осыған орай, тұрғындар жаңа үлкен спорт алаңын салып беруді сұрады. - Қазіргі таңда жаңа спорт залдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалынып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Спорттық кешен салу күн тәртібінде тұр, - деді аймақ басшысы. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86477,86478"] Сонымен қатар, тұрғындар ауылға қоқыс полигоны мен клуб қажет екенін де ескертті. - Ауылдың тарихи атауы Жыңғылды аталуы да бекер емес. Сол себепті, ауылдан жаңа саябақ ашып, ішіне жыңғыл өсімдігін егуді жоспарлап отырмыз. Осыған орай, саябақтың айналасын қоршап беруіңізді сұраймыз, - дейді ауыл тұрғыны. Осыдан кейін өңір басшысы «Жыңғылды-Шайыр-Шерқала» автожолының құрылысымен танысты. Қайта құрылымдау жұмыстары өткен жылы басталған 29 шақырымды құрайтын жолды 2020 жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. - Жобаның жалпы құны 2,6 миллиард теңгені құрайды. Өткен жылы бөлінген қаражатқа «Жыңғылды-Шайыр» бағытындағы тас жолдың негізі дайындалды. Ал, осы жылы бөлінген қаражатқа 10 шақырым жерге асфальт төсеу жұмыстары жасалынатын болады, - дейді мердігер мекеменің өкілдері. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86479,86480"] Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Тұщыбек ауылындағы Естөре Оразақов атындағы туберкулез санаториясындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған шипажай осы жылдың желтоқсан айында толық пайдалануға беріледі. Облыстық шипажай науқастарды тегін жолдама арқылы емдейді. - Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарының 50 пайызы атқарылды. Жыл соңында толық аяқталады деп отырмыз. Санатория 2009 жылдан кейін жөндеу жұмысын көрмеген. Ал, 10 жылдан кейінгі жағдайын көріп, адамдар емделуге келе бермейтін. Жөндеу жұмыстарының нәтижесіне қарай, емделушілер қатары артып келе жатыр. Жыл басынан 9 ай ішінде біздің орталықтан 34 адам емделіп шықты, - дейді Е.Оразақов атындағы туберкулез санаториясының бас дәрігері Гауһар Амандыққызы. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86481,86483,86482"] Бүгінде бұл орталықта 50-ден аса қызметкер жұмыс жасайды. 50 орындық шипажайда қазіргі уақытта 10 адам емделіп жатыр. Оңалту орталығына фтизиатр, яғни туберкулезді диагностикалап, емдеп және алдын алатын маман тапшы болып тұр. Айта кетейік, туберкулез сырқатына шалдыққан науқастарды оңалтуға арналған орталықтың іргетасы 1965 жылы қаланған. Кезінде бүкіл республикадан келушілерді қабылдаған шипажай, соңғы 10 жылдың көлемінде тек Маңғыстау облысы тұрғындарын қабылдауға көшкен.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Саби МАЙЕМЕРОВ