Әдетте, біз күз мезгілін қоңыр күз, мұңды күз дейміз. Бірақ, биылғы күз Маңғыстау үшін торқалы тойларға толы болды. Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы, Теңге, Қызылсай ауылдарының мерейтойларынан соң, Маңғыстау ауданының алғашқы орталығы, түлеген түбектің тарихи мекені - Таушық ауылы 80 жылдығын атап өтіп, өлке тынысын бір серпілтіп тастағандай болды. Айтулы мерекеге облыс әкімі Серікбай Трұмов бастаған ресми топ өкілдері, аудан, қала әкімдері мен облыс тұрғындары қатысты. Елді мекеннің кіреберісіне 80 жылды артта қалдырған Таушық ауылының паспорты жасалып, жан-жағы абаттандырылды. Ауыл тұрғындары қонақтарды жаңа нысанда күтіп тұрды. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86492,86493,86494"] Маңғыстаудың байырғы мекені - Таушық ауылының 80 жылдығына арналған салтанатты жиын мәдениет үйінде өтті. Облыс әкімі Серікбай Трұмов ауыл тұрғындарын құттықтап, Таушықтың облысымызда алатын орнының ерекшелігін атап өтті. Ақындар мен ғалымдардың, ел басқарған көсемдер мен бұлбұл дауыс әншілердің туған жері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді. Қасиетті мекеннің көп түлегі ел көлемінде абыройлы еңбек етіп, Таушықтың даңқын асырып жүр десе артық айтпаған болар едік. Сұм соғысты, одан кейінгі экономиканың еңсесі түскен кезеңді басынан өткерген қайсар ауыл күні бүгінге дейін ізгі атын жоғалтпаған ауылда қазақтың Абызы, Маңғыстаудың Әбіші білім алып, әріп таныған. Ұлт мақтанышының ұлы жолына жолдама берген де осы Таушық болатын. Қоғам және мемлекет қайраткерлері Зейнолла Алшымбаев, Ләззат Қиынов, Қайролла Ережепов, спорт саңлағы Әмин Тұяқов, ғалымдар Жұмат Тілепов, Берекет Жұмалиев, Нұн Жұбаев, күйші Сержан Шәкірт, бүгінгі күнде халқына қызмет етіп, қайырымдылық көрсетіп жүрген кәсіпкерлер Иса Бимырзаев, Айбек Қосуақов, Асылбек Жолдыбаев сынды игі жақсылар осы Таушықтан түлеп ұшқан. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86489,86490"] - Таушық ауылы – ерекше мекен. Ауылдың бүгінгі жағдайы көңілден шығады. Бұны осында тұратын азаматтардың жақсы көңіл күйі мен жылы лебізінен байқауға болады. Заңғар жазушы, ұлт мақтанышы Әбіш Кекілбайұлының тағдыры да Таушық ауылымен тікелей байланысты болды. Ол мектеп табалдырығын осы жерде аттап, оқушылық жылдарын осында өткізді. Бұл-ауылдың мерейі дер едім. Таушық-елімізбен бірге дамып келеді. Әрине, ел болғасын, проблемалардабар. Ауыл ішін көгалдандыру, жүргіншілер жолын салу, көлік жолдарына асфальт төсеу жұмыстары – жоспарда тұр. Ал, мерекелік шаралар ұйымдастырудағы мақсат -елге қызмет етіп, ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген ардагерлер мен ауыл азаматтарына алғыс айтып, қолдау көрсету. Той тойға ұлассын, әрдайым ауызбіршілік болғай,- деді облыс әкімі Серікбай Трұмов. Осыдан соң облыс әкімі ауылдың дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында Түгелбай Жеткізгенов, Мұса Сегізбаев, Жамал Өтебаева, Айбек Қосуақов, Сахан Мүлкібаев, Асқар Нұрбосынов бар. Серікбай Өтелгенұлы ауыл мектебіне компьютерлік сынып ашу сертификатын тапсырды. Ал, «Таушық ауылына-80 жыл» мерекелік медальге Жұмат Тілепов, Зейнолла Алшымбаев, Қайролла Ережепов, Қаракөз Кекілбаева, Тыныштық Ахметова, Мырзабай Сәтенбаев сынды азаматтар лайық болды. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86487,86488"] - Қымбатты ауылдастар! Үлкен мерекеге жиналып отырмыз. Осы жер үшін талмай еңбек етіп, терін төккен, бірақ, өкінішке орай, бүгінгі мерекеге жете алмаған азаматтардың әруақтары желеп-жебей берсін! Алтын бесік – Таушық жайнай берсін!-деді қоғам және мемлекет қайраткері Зейнолла Алшымбаев. 1939 жылы өңірде Маңғыстау ауданы құрылып, орталығы Таушық ауылы болып белгіленді. 1966 жылға дейін аудан орталығы болған Таушыққа осы уақыт ішінде Ресей, Украйнадан мұғалімдер,шахтерлар мен құрылысшылар келе бастаған.Ауыл мектебіне оқушылар сыймай, жаңа мектеп салу қажеттілігі тұрды. Шахтерлар барақ типтес жаңа мектеп салып, ол Шахта орта мектебі деп аталды. Деректерге көз жүгіртсек, 1941 жылы ауданда 14 мың тұрғын болған. 1942 жылы Таушыққа жау ұшағы бомба тастады.Ниетіне қарай, бомба нысанадан ауытқып, адамдарға зардап тигізе алмады. 60 жылдан соң бұл жерге ауылдың ардақты азаматы, кәсіпкер Тұрар Жолдыбаев «Бейбітшілік» монументін қойып, белгі орнатты. 1942 жылы жау асып алған аймақтардан Таушыққа 600-ден астам адам пана іздеп келді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары ауылы «Майданға көмек» қозғалысына белсене араласып, майданға қажетті заттарды жөнелтіп отырды. Таушық тарихындағы ең қиын кезең – 1966-1979 жылдарға келеді. Бұл кезде ауылдың инфрақұрылымы бұзылып, электр жарығы шектеліп, тұрғын үйлер иесіз қалды. Көлік қатынасы қысқарып, мәдени шаралар тоқтады. Бірақ, 1980 жылдары Таушықтың жаңа тынысы ашылып, жағдай жақсара бастады. Осы жылдары Маңғыстауға қоныс аударып, ауылдың тұрмысын жақсартуға атсалысқандардың бірі - медицина саласының үздігі Светлана Қабиева.Атырау медициналық колледжінің түлегі Светлана оқу орнын бітіргесін, тәжірибеден өту үшін Маңғыстауға келеді. Киелі мекенде өмірлік серігін кездестірген медбике еңбек жолын осында бастайды. Бұл 1976 жылы болатын. Содан бері, өлкенің медицина саласында еңбек етіп, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға тер төккен Светлана Қабиева 6 баланың анасы, ондаған немеренің әжесі мереке қарсаңында Түпқараған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Аудан әкімінің Құрмет Грамотасына ие болды. - Таушықта туып өспесем де, саналы ғұмырымның 39 жылы осында өтіп жатыр. Отбасыммен бірге, қызметімді жақсы атқаруға тырыстым. Ауылымның әр талы, әр тасы қымбат. Бір қызым менің жолымды қуып, медицина саласында қызмет етіп жүр. Таушығымның мерейтойы құтты болсын! Жерімізде тыныштық, елімізде амандық, еңбегімізде береке болғай! –дейді ауыл тұрғыны Светлана Қабиева. Бүгінде Таушық ауылында 3 мыңнан астам тұрғын бар. Жалпы жер көлемі 11677 шақырым. 8 әлеуметтік сала нысаны және 8 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Мерекелік шаралар ауыл маңында қаз-қатар тігілген киіз үйлерде жалғасты. Дала сахнасында ауыл өнерпаздары ән мен күйден шашу шашса, облыс аудандары мен ауылдарынан келген қонақтарға ақ дастархан жайылды. Екі күн бойы спорттық жарыстар мен ат бәйгесі ұйымдастырылып, мықтылар күш сынасты.
Анар ШАМШАДИНОВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН, Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86495,86496,86497,86498"]