Таушық ауылының 80 жылдығына орай ат шаптырып бәйге ұйымдастырылды. Думанды тойда айналаны шаңға бөктірген шабандоздар мерейі үстем мерекеге ерекше сән бергендей. Бәйгеде 24 асыл тұқымды бақ сынады. Олардың көбі Нұр-Сұлтан, Алматыға дейін шауып келген тұлпарлар. 36 шақырым межеленген аламан бәйгеде Ақшымыраулық Мұқтар Ақжігітовтің «Ақсұңқар» атты сәйгүлігінің бағы жанды. Ал Атыраудың Жылыой ауданынан келген Мұрат Машановтың тұлпары «Ортеке» мәреге екінші болып жетсе, Бейнеулік Әбдіғаш Таңатаровтың «Ақтасы» меже сызығынан үшінші өтті. «Жезкиік» атты тұлпардың иесі Атыраудан ат шаптырып жеткен Руслан Салихиденов төртінші орынға тұрақтаса, Сенек ауылының тұрғыны Сағадат Наурызмағанбетовтің «Миланы» бесінші орынды қанағат тұтты. Дүбірлі тойдың сәнін келтірген бәйгенің басты жүлдесіне «Нива» автокөлігі тігіліп, қалған жүлдегерлерге мотоцикл және бағалы тұрмыстық техникалар берілді. Осы мерейтой аясында ұйымдастырылған Тай бәйге (8 шақырым) мен Құнан бәйгенің (12 шақырым) жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар және Топ бәйгеде (24 шақырым) топты озғандарға бағалы тұрмыстық техникалар табысталды. Таушықтағы алқалы жиынның көркіне айналған бәйгеде бабы мен бағы қатар табылған небір тұлпарлар Ақан серінің Құлагерінен кем емес.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86509,86511,86512,86510,86513,86508,86514,86515,86516,86517,86518,86519,86520"]