26-27 қазанда таэквондо "GTF" тұжырымы бойынша мұнайшылар астанасы Атырауда жасөспірімдер арасында "Atyrau Open" турнирі өтеді. Еліміздің батыс өңірлерінен, атап айтқанда Орал, Ақтөбе, Атырау және Ақтаудан барлығы 300 спортшы қатысады деп күтілуде, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстаудың намысын қорғауға бапкер Бүркіт Исакұлының шәкірттері сақадай сай дайын. Қазір олар "Өркен" оқу орталығында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Айта кету керек, федерацияның бөлімшелері "Өрлеу" және нөмірі 8 орта мектепте де жұмыс жасайды. Президенті Сәттіғұл Әбітов болып отырған Маңғыстау облыстық таэквондо "GTF" федерациясы осыдан 8 жыл бұрын өз жұмысын бастаған болатын. Осы уақыт аралығында балғын таэквондошылар көптеген халықаралық турнирлері мен ел біріншіліктерінде, Еуропа және Әлем чемпионаттарында жүлдегер атанып жүр. Бапкер өз шәкірттерінің алдағы додада атой салатындарына сенімді. "Атырауда өтетін турнир жоғары деңгейге ұйымдастырылатыны сөзсіз екеніне күмән келтірмейміз. Біздің команда медальдің барлығынан үмітті, әсіресе алтын көбірек болады деген ойдамын. Шәкірттерімді жеңіске барынша жігерлендірудемін", - дейді бапкер. Осылайша, жерлестеріміз өздерінің спорттық шеберліктерін шыңдап, өзара тәжірибе алмасып, дайындықтарын көрсетуге және басқа да жарыстарда Маңғыстаудың намысын қорғауға дәлелдеуге мүмкіндігі бар.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86524,86525"]