Ақтауда 19-20 қазан күндері жасөспірім ұл қыздар арасында Ер Шотан Назарұлы жүлдесіне арналған дзюдодан халықаралық турнир өтті. Турнир нәтижесі бойынша Маңғыстау облысының командасы І орынды иеленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясы мен Шотан батыр ұрпақтары ұйымдастырған турнирде 2005-2007 жылдары туған жасөспірімдер додаға түсті. 6 Алтын, 5 күміс және 23 қола жүлдемен жергілікті команда алға шығып, Атырау облысының құрамасы 6 алтын мен 4 күміс, 5 қола медальмен ІІ орынға шықты. Ал Ресейлік топ 5 алтын және 3 күміс, үш қола жүлдемен ІІІ орынды алды. Командалық сайыс жеңімпаздары медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, турнир жеңімпаздарына "ҚР Спорт шеберіне үміткер" атағы берілді. Турнирде дзюдошы ұлдар арасында 8 салмақ, қыздар арасында 4 салмақ дәрежесінде чемпиондар анықталса, командалық сайыс 5 салмақ бойынша өтті. Халық батыры жүлдесіне арналған турнир биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғаш рет 2015 жылы Жаңаөзен қаласында облыстық турнир ретінде ұйымдастырылып, кейінгі жылы республикалық деңгейге көтерілді. Ал үшінші жылы жарыс облыс орталығында ашық республикалық турнир ретінде өтті. Ал биылғы бәсекеде еліміздің барлық аймағы мен Ресей, Өзбекстан, автономиялы Қарақалпақстан және Ингушетия елдерінен 600-ге жуық балуан бақ сынады.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ