Мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, мұнай-газ саласының ардагері Ләззат Қиынов 70 жасқа толды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ел ағасының туған күніне орай, ерекше құрмет көрсетіліп, Ақтау қаласында арнайы салтанатты кеш ұйымдастырылды. Шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау Ақтөбе қаласынан кезінде бірге еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткерлері келді. Ләззат Кетебайұлы қарапайым операторлықтан бастап, мұнай өнеркәсібінің барлық сатысынан өтіп, бай тәжірибе, ғылым мен практиканы ұштастыра білген білімді де, білікті тұлға. Заманның қиын кезеңінде ел басқарып, жоғары қызметте болған. Бүгінде алты алашы ардақтаған ел ағасы! Салтанатты жиында облыс әкімі Серікбай Трұмов Маңғыстау халқының атынан құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
Қымбатты жерлестер, ел қонақтары, Құрметті Ләззат Кетебайұлы!
Кіндік қаныңыз тамып, дүниеге келгелі көңіліңізден де, өміріңізден де бір елі ажырап, бір сәт алыстап көрмеген Маңғыстауыңызға қош келдіңіз! Ғазиз мекен, туған топыраққа бүгінгі келісіңіздің жөні ерек, жолы бөлек. Шынын айтар болсақ, маған өңір басшысы ретінде осы жерде сөйлеген сөзімде, сіздің өмірбаяныңыз туралы айтып тұру артықтау секілді. Өйткені өзіңіздің сонау қарашаңырақ, құтты ошақ – Таушықтың тау-төбелерінен таудай талап арқалап басталған балалық шағыңыздан бастап, бүгінгі мерейлі сәтіңізге дейінгі өмір жолыңызды ел-жұрт жақсы біледі. Қарапайым операторлықтан бастап, мұнай өнеркәсібінің барлық сатысынан өтіп шыққан бай тәжірибе, ғылым мен практиканы ұштастыра қалыптасқан білім-білік, қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуде кешенді көзқарас, міне осы қасиеттеріңіздің барлығын да тани білген тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сізге талай сындарлы сәтте сенім артып, жауапкершілік жүктеді. Соның барлығында да өз саласының кәсіби маманы екендігіңізді дәлелдедіңіз. Сенім ақталды, мақсат орындалды. Оған сіздің бүгінгі ғибратты ғұмырнамаңыз куә. Бір кездері қазақ мұнайының атасы атанған Сафи Өтебаев секілді ақсақалдарымыз негізін қалаған қазақ мұнай-газ кәсіпшілігінің көшін өрге сүйреп, келешекке аманаттай алған абыройлы буынның көрнекті өкілі өзіңіз болдыңыз. Әлемдік мұнай өндірісінің тарихына зер салар болсақ, Иран, Кувейт, Мексика, Сауд Арабия секілді қазіргі мұнай алпауыттары атанып отырған елдерден кемінде бір ғасыр бұрын қазақ даласында мұнай өндірісі басталып кеткен. Демек, мал шаруашылығы ғана емес, мұнай өндірісін де атакәсіп деп атауға толық негіз бар. Ғылыми-өндірістік шешімдерден, табиғатты қорғау, экология секілді аса нәзік қауіпсіздік шараларынан бастап, экономика, нарық мәселелерінен бастап, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қамсыздандыру секілді сан қырлы салаларды біріктіретін мұнайгаз саласы – аса күрделі кәсіп. Яғни адам оңайлықпен мұнайшы бола салмайды. Ол әсіресе біздің Маңғыстау секілді табиғаты қатал өлкеде тіпті қиын деп білемін. Біздің мұнайымыздың өзіндік ерекшелігі тағы бар. Міне осындай сан қилы қиындықтарды шешетін мамандар да сол жердің өзінде, өндірістің ішінде қалыптасуы заңдылық. Техника ғылымдарының докторы Ләззат Кетебайұлының да докторлық диссертациясының тақырыбы «Батыс Қазақстан кенорындары жағдайында мұнай өндірудің энергия сақтаушы технологиясы» деп аталатынын білеміз. Сіздің ғылыми зерттеу, шешімдеріңіз әлі күнге өндірісте актуальды. Бір кездері өзіңіз басшылық еткен Қаражанбас, Комсомольск, Маңғыстаумұнайгазға қарасты кенорындар ел экономикасын көтеру жолында үздіксіз қызмет атқарып келеді. Ондағы мыңдаған мұнайшылар қауымы ауыртпалығы да, жауапкершілігі де жоғары кәсіпті мүлтіксіз меңгеріп, мұнайшы деген ардақты атты, аға буынның аманатын биік ұстап жүр. Үкіметтің басшылық құрамында өз салаңыз бойынша лауазымды қызметтерде болдыңыз. Ұлттық компания, стратегиялық маңызы бар өндірістік кешендерді басқарып, ірі жобаларды іске асырдыңыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалықты еңсеріп, елдің еңсесін көтеру, экономикаға серпін беру жолында өндіріске ірі инвестициялар тартып, тәуекелді шешімдер қабылдадыңыз. Мұнай саласындағы еліміздің ірі топ-менеджері ретінде тек қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттер таниды, мойындайды. Кеңестік кезеңнің жоспарлау жүйесі, өндірістік дағдысын Тәуелсіз Қазақстанның жаңа экономикалық нарығына икемдеп, мүлде тың бағытта даму міндеті алдымызда тұрған сонау алғашқы жылдары өңірге өндірісті де, мемлекеттік басқару саясатын да меңгерген тұлғалар қажет болды. Осы тұста бір емес, екі рет таңдау сізге түскенін білеміз. Талап биік, міндет жоғары, мақсат ауқымды кез болатын. Экономикамыздың да бойына енді қан жүріп жатқан алғашқы жылдар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының алға қойған міндеттерін орындау үшін бар күш-жігеріңізді салдыңыз. Туған еліңіздің де сенімі мен қолдауы ерекше болды. Сол сенім мен жауапкершілік Сізді еліміздің заң шығару органы ҚР Парламент Сенатында да ел үшін қызмет етуді бұйыртты. Сіз қай қызметте, қандай салада болсаңыз да білім мен тәжірибеге мән бердіңіз. Ынталы жастарды ізіңізге ертіп, үйреттіңіз, тәрбиеледіңіз. Бүгінгі мемлекеттік қызметтегі көптеген ел азаматтары, оның ішінде өзім де бармын, «Сіздің шәкіртіңізбіз» деп мақтанышпен айта аламыз.Құрметті Ләззат Кетебайұлы!
Туған жермен бірге тыныстаған перзенттік жүрегіңіз, пайым-парасатыңыз, абырой-беделіңіз – ұрпаққа ұлағат, көпке өнеге. Осы киелі түбектің тарихымен тағдырыңыз егіз. Осы өлкеден қанша ғасырлар өтсе де табаны таймай, ұрпақ өрбітіп, қасиетті мекенді аманаттап кеткен ата-бабаларымыздың ізгі дәстүрін жалғаушы аға буынның өкілісіз. Түбектің төл перзентісіз. 70 жыл ғұмырыңыздың барша жетістік-жемісін, абырой-мәртебесін ел-жұртыңызбен бөлісуге келген ұлы сапарыңыз сәтті болғай!