©
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау филиалы 2019 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша жергілікті медицина ұйымдарынан 25,886 млрд теңгенің қызметін сатып алады. Бұл туралы бүгін облыстық филиал директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді. "Биыл облыс бойынша 55 медицина ұйымымен келісімшарт бекіттік. Мемлекеттік тапсырыс бойынша халыққа тегін қызмет көрсететін емдеу ұйымдарының арасында 26 жеке меншік клиника да бар. Олармен 2,791 млрд.теңгенің келісімшарты бекітілді. Ал 29 мемлекеттік мекемемен жасалған келісімшарттың жалпы сомасы – 23,094 млрд.теңге. Медициналық сақтандыру қоры 2019 жылы халыққа тегін қызмет көрсететін денсаулық сақтау нысандарымен келісімшарт бекітуді аяқтады", - деді Бақыт Торғайбайұлы. Маңғыстау филиалының мемлекеттік сатып алу жоспары бойынша 2019 жылға 25,886 млрд теңге қарастырылған. Айта кету керек, келісімшарт бекіткен емханалар мен клиникалар кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындамақ. «Ал бастапқы медициналық-санитарлық көмек бойынша 20 емханамен келісімшарт бекітілді. Оның 12-сі– мемлекеттік мекеме болса, 8-і– жеке клиникалар. Биыл мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке меншік клиникалардың саны артты», - деді Ақерке Туманчаева.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА