«Тектінің тұяғы, асылдың сынығы» деп тақырып қойсақ та лайық еді бұл жазбаға. Адамгершілік парасат-пайымы мол, етек-жеңі кең, өмірден көрген-түйгені көп, білімі мен тәжірибесі бір басына жетерлік өз кәсібінің шеберін қалай мақтасаң да артық емес секілді. Киелі Маңғыстау топырағының төл перзенті, ел-халқына қадірлі майталман мұнай маманы, «ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы» атағының, 1,2,3 дәрежелі «Атамекен» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықаралық Жан Антуан Шапталь атындағы «Алтын ягуар» конкурсының лауреаты, «Кезби» бұрғылау компаниясының бас директоры Бітім Тәжіғұлұлы Кезбаевтың кісілік тұлғасын бағамдағанда, әйтеуір, тәуір теңеулер тіліме орала берді...
Ол 1946 жылдың 22-шілдесінде Түпқараған ауданында дүниеге келген қарапайым отбасының тұңғышы болды. Отан соғысына қатысып келген әкесі Тәжіғұл Кезбайұлы көп жылдар ауылда мұғалім болып еңбек еткен қажыр-қайратты азаматтардың бірі болса, заманында абырой-беделі ауыл-аймаққа аян болған алтын құрсақ анасы Алма Түрікпенбаева 7 ұл, 4 қызға жарық өмір сыйлаған ардақты жан еді.
- Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңге тұс келді балалалық шағым. Қызығынан гөрі қиындығы көп жүдеу тірліктің тынымсыз тырбанысына жегілген жылдар... Ауыртпалыққа төзгіш, жоқшылыққа көнбіс, іске епті, еңбекқор, елгезек болып өскеніміз содан шығар, – деп еске алады алыста қалған күндерді Бітақаң. – Иманды болғыр анам – ата-енесінің алғыс-батасын алған, ағайын-туыс, келген жеріне жағымды, ауыл-аймақтың үлкендері «біздің Алма келін» деп өзгелерге өнеге етіп отырар адам еді. Көп балалы үйдің үлкені болған соң, әке мен шешеге артылған тұрмыстың ауыр жүгін ерте бастан көтерісуге көндігіп, еңбекпен шынықтық, ширықтық. Ойлап қарасам, тағдырлы жолымның сондай қиындықтардан басталғаны, кейінгі өміріме сабақ болып, тірлікте тап келген талай сынақтардан сүрінбей, сынбай өтуіме себебін тигізіпті. Кетіктегі мектеп-интернатты бітірген 1963 жылы жұмысшы болып еңбек жолымды бастадым. Артынан, Алматыдағы Қазақ политехникалық институтында бес жыл оқып, жоғары білім мен тау-кен инженері деген мамандық алып, бір жыл астанадағы ғылыми ортада қызмет істедім. Содан бергі өмірім мен қызметім туып-өскен Маңғыстауымның мұнай өндірісін дамытумен қабат өрілді. Ниетіне қарай пендесінің талабын оңдайтын бір Аллаға ғой. Сосын, кісіге қылдай қиянат жасамай, адал еңбекпен нан табуды аманаттаған ата-анамның да батасы қабыл болғаны шығар, жеке өмірде де, қызметте де үнемі ісім ілгері басып, Тәңірдің берген ырыздық-несібесінің арқасында берекелі өмір сүріп жатқан жайымыз бар, - деп түйіндеді сұхбатын ардагер аға. Табиғатынан көп сөзден гөрі көп іс тындыруға бейім кейіпкерімнің былтыр күтпеген жерден инсульт алып, қатты науқастанып қалғанын білетіндіктен, көп сөйлетіп, мазасын алуға құлық танытпадым. Айтпай келетін ажалдан Алла сақтап, аман қалған ағамыздың қазіргі жағдайы едәуір түзеліп, жайлап өзі жүріп-тұратын, еркін сөйлейтін күйге жеткенін көріп қуандым.
Әне-міне дегенше зулап өте шығатынына қарай бұрынғылар «бес күн тірлікке» бағалаған пенделік ғұмырыңда арттағы ұрпақ айтатындай атқарған игі ісің, қалдырған анық ізің болмаса, баянсыз дүниеде қанша жыл өмір сүргеніңнің не мәні бар? Жаратқанның осы жетпіс жасқа жеткізгеніне мың да бір шүкіршілік айтып, кемелденген шақтың шуағына бөленіп отырған Бітім Кезбаевтың ғибрат алар ғұмырнамасы бар...
1961 жылы Жетібай мен Өзен мұнай кенорындары ашылып, қазыналы түбекте өндірістің қара қазаны қайнап бастағаны тарихтан мәлім. Сол жылы Ералиевтен барлаушылардың жаңа типті елдімекені салынып, бұрын Форт-Шевченко қаласында орналасқан «Мангышлакнефтеразведка» (МНГР) тресі сонда көшірілді. Бітім 1963 жылы, 17 жасында Ералы кентіндегі сол «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресіне қарасты мекемеде бұрғышының көмекшісі болып еңбекке араласыпты. Бүгіннің биігінен көз салсақ, күндіз-түні құйын кезген қиян түздегі бұраубайдың басында жұмысты жапырып жүретін қайратты жас жігіттің сол кездегі балаң арман-қиялы артығымен орындалғанын көреміз. «Елім ертең тәуелсіздік алады, егемен Қазақстанның тарихында тұңғыш жекеменшік бұрғылау компаниясын құрамын, ол ел игілігі үшін ұзақ жылдар табысты қызмет етеді» деген ой оның басында болмағаны да анық. Бірақ, өмір шындығы осылай болды. Әрине, айтуға оңай болғанмен, арманға жетудің жолы жеңіл болған жоқ.
Туған жердің ен байлығын игеруге араласқан өзі секілді көптеген талапты қазақ жастары секілді ол да жаңа кәсіпті меңгеруге зор ынтамен кірісті. Еңбек дегенде жанып тұрар жігіт тәжірибелі мамандардан бұрғылау ісінің қыр-сырын бар ынтасымен үйреніп, екі жылдың ішінде бұрғышының көмекшісінен 5-дәрежелі бұрғышы болып алды. Бірақ, қол жеткенге қанағаттанып, қатардағы жұмысшы болып қала бергісі келмеді. Өндірістегі басшыларының Алматыдан жоғары білім алуын құптап, толық қамқорлық жасаймыз деген сөзі тіпті қанаттандырып жіберді. Маңғыстаудың атағын әлемге әйгілеген мұнай байлығын игеруге білікті маман ретінде сүбелі үлесімді қоссам деген арман-қиялының іске асатын сәті түскеніне қатты қуанды! Содан, таудай талаппен ел астанасында жоғары білім алуға аттанды. Ол 1965 – 1970 жылдар аралығында В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында үздіктер қатарында оқып, тау-кен инженері мамандығын алып шықты. 1970-1971 жж. КазНИИМС лабораториясында аға инженер болып еңбек жолын жалғастырды. Сосын туған елге оралып, «Маңғышлақмұнайгазбарлау» экспедициясы тресінде мұнай және газ скважиналарының 5, 6-дәрежелі бұрғышысы, 1972-1974 жж. учаске бастығы, бұрғылау жөніндегі аға инженер, бұрғылау бастығы, ПМК-67 мекемесінде өндірістік-техникалық бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Біраз жылдар үлкен ұжымда бірге еңбек еткен геолог-барлаушы аға буын өкілдері Әділ Нұрманов, Санақ Таянов және политехинститутты қатар бітірген түлектер, әйгілі «МНГР»-дің мұрагері – «Маңғыстаугология» АҚ-ның бас директорлары болған Сағынбай Қызылұлы, Ғиззат Балмұханбетовтермен жұмыс бабында қоян-қолтық араласып, ортақ мақсатта аянбай тер төкті.
1973 жылы Маңғыстау аймағы өз алдына дербес облыс болып ашылған соң, көп ұзамай «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресі – «Маңғышлақмұнай-газбарлау» кешенді экспедициясы болып құрылды. Оның құрамындағы бұрынғы экспедициялар аудандық инженерлік технологиялық қызметке (РИТС) айналды. 1975 жылдан «Маңғышлақмұнайгазбарлау» экспедициясына техникалық бөлім инженері болып ауыстырылған маман өз білімі мен тәжірибесін шыңдауға ден қойды. 1974 – 1976 жж. кейіннен ірі мұнай кенорындарына айналған Қаражанбас, Қаламқас, Солтүстік Бозашы және Жалғызтөбедегі бұрғыланған скважиналардан мұнай фонтандары атқылып, ағыл-тегіл байлықтың көздері ашылғанының куәсі болып, «қара алтынның» дариясын ағызуға атсалысты. Ал, 1977 – 1980 жылдар аралығында оның Ауғанстан Демократиялық Республикасында «Зарубежгеология» бірлестігінің қатарында аға инженер болып қызмет етуі, шыны керек, орыстан өзге ұлтқа мұрын шүйіріп қарайтын сол кездегі саясат бойынша қазақ баласының маңдайына бұйыра бермейтін абырой еді. Әлде, қауіп-қатері күшті, соғыс өрті өршіп тұрған елге өле қалса өкінбеспіз деп әдейі қазақ мамандарын жіберді ме екен?.. Қалай десек те, бүкілодақтық басшылықтың Маңғыстаудың жігітін жауапты миссиямен шетелге сеніп жіберуінің өзі мәртебе болатын!.. Тапсырманы ойдағыдай орындап елге қайтып оралған соң, ол 1980 – 1981 жж. технологиялық бөлім инженері, экспедицияның геологиялық партиясының техникалық бастығы қызметін атқарады. «Геологиялық іздестіру партиясы (Б.Әбішов, А.Нұрманов, Б.Кезбаев, С.Таянов, А.Волочаев, Е.Төреханов) ... және басқа да ұжымдар жоғары талап деңгейінен көріне білді. Бұл жұмыстарға МНГР кешенді экспедициясының барлық өндірістік мекемелер ұжымдары тікелей қатысып, өз үлестерін қосты», – деп жазылды сол кезең туралы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің 50 жылдығына байланысты 2007 жылы жарық көрген «Олар алғашқылардың бірі болды» атты ұжымдық жинақта.
Білікті маман қасиетті өлкедегі Қаламқас, Қаражанбас, Жетібай, Комсомольская, Қолтық, Елемес, Сазтөбе, Нысановская секілді ірі кенорындарының ашылуына қатысты. Талай жерде табысты еңбек етіп, өзін алғыр инженер маман ретінде мойындатқан Бітім Кезбаев 1990 жылдан бастап «Табиғат» кіші кәсіпорынның директоры болып қызметін жалғастырды. Сол кезден-ақ нарықтық қатынастардың қатаң талабына бейімделіп жұмыс жүргізуді жолға қоя білген тәжірибелі маман 1992 жылы мұнай ұңғыларын жөндеуге және бұрғылауға маманданған жеке кәсіпорын – «КЕЗБИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашты.
Өткен жылдар белесінде сол кәсіпорын Маңғыстау және Атырау облыстары аумағында «Қарақұдықмұнай», «Қазақтүрікмұнай», «Теңге», «Маңғыстаумұнайгаз», «Кең-Сары», «Ақтау-Транзит», «МұнайФилдСервис», «КаспианОйлГаз», «Тасболат Ойл Корпорейшн», «ӨзенМұнайГаз», «ҚазМұнайГаз БӨ», «Емир-Ойл», «ХазарМұнай», «Шынжыр» т.б. ірі компаниялар мен мұнай кәсіпшіліктерінің тапсырысы бойынша ұңғыларды күрделі жөндеу мен қалпына келтіру, сондай-ақ бұрғылау жұмыстарын абыроймен атқарды. Мекеменің қызметіне деген сенім орнығып, «КЕЗБИ» ЖШС жыл өткен сайын тәжірибелі мамандармен, арнайы техникалармен, толық байланыс қызметтерімен жабдықталған, өз саласында бай тәжірбе жинақтаған кәсіпорынға айналды. Соңғы жылдарда компания мамандары Ресейде, Украинада, Румыния мен Қытайда жасалған заманауи бұрғылау қондырғылары мен озық құрал-жабдықтарын пайдалану арқылы өндірісті өрге бастыруда. Бұл, сөз жоқ, келешекті кемел болжай білетін көреген басшының іскерлігінің нәтижесі. Әрине, бәрі де қиындықсыз өздігінен болып, толып жатыр десек өтірікші болар едік. Соңғы уақыттағы әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күрт төмендеуімен байланысты жалпыға тән экономикалық дағдарыс бұл компанияға да, оның ыстығына күйіп, суығына тоңатын басшысына да ауыр тиді. Тапсырыс берушілердің азаюынан жұмыс көлемінің қысқаруы, кейбір ірі компаниялардың атқарған жұмысқа сай қомақты қаржы берешегін уақытылы қайтармауы, т.с.с. қиындықтар істі өрістетуге қолбайлау болды. Дегенмен, жағдай көп ұзамай түзеледі, істегі іркілістер жойылып, жағдай жақсарады деген сенімі мол.
Бітім – атақ-даңқы бүкіл Адай еліне мәшһүр Матай Ботағараның Қожабегінен туған Есенияз батырдың Еспан деген баласынан тараған тектінің тұяғы, асылдың сынығы. ХІХ ғасырдың ортасында саны өздерінен бес еседен де көп шапқыншылармен ашық шайқаста ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, жауды жеңіп, жесір айырған Адайдың 40 батырының қатарында матай Қожабекұлы Есенияз бен көрпе Әндірейдің Қабылындай есіл ерлер шәйіт болған. Ол екеуінің сүйегі Бейнеуден берідегі 3-теміржол бекетінің батыс жағында, биік басындағы ескі қауымға қойылған. Бітім Тәжіғұлұлының қолға алып, толық атқаруымен 2007 жылы сол тарихи орыннан еңселі ескерткіш-белгі тұрғызылып, түнеухана үйі салынды. Сейсем ата қауымындағы Матай атаның және Боранғұл бекетінен 70 шақырымдай қашықтықта, Қарақұмның ішіндегі Баярлы төбеден бақилық орын тапқан Боққараұлы Жамбоз бен оның баласы Шақаның басына ескерткіш-кесенелер мен түнеухана үйінің салынуына, Сайын Шапағатов ауылындағы жаңа мектепке еңбегі күллі түркі әлеміне етене таныс ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың есімін беруге, басқа да көптеген игі шараларды атқаруға тікелей араласты.
Ардагер мұнайшы осы саланы дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін көптеген орден, медальдармен, құрметті атақтармен, мақтау қағаздарымен марапатталды. 2008 жылы Маңғыстау облысының үздік кәсіпкері – «Жыл адамы» номинациясының жеңімпазы атанды. Бүкіләлемдік «Миротворец» қайырымдылық альянсының «Алтын жұлдыз» белгісімен, «KazStimOil» 6-шы жылдық симпозиумында «Сала Ардагері» және Хрусталь сыйлығы номинациясымен, 2011 жылы Францияда Жоғары сапалы қызмет көрсету номинациясы бойынша өткен ХІІІ халықаралық конкурсында Жан Антуан Шапталь атындағы «Алтын Медальмен», «Алтын Ягуар» халықаралық лауерат атағымен марапатталуы, адал еңбегінің арқасында арманына қол жеткізген қайраткердің биік өресін, абырой-беделін паш етсе керек. Сондай-ақ бұрғылау компаниясы аймақтағы қайырымдылық шараларға белсене қатысып, облыс көлеміндегі әлеуметтік-мәдени, спорттық шараларға демеушілік көмегін көрсетіп келеді.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауларының басты тақырыбына айналған Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздарды жұмыспен қамту бойынша «Кезби» компаниясы әр жылдарда 500 – 1000 адамды жұмыспен қамтып, мұнай-газ өнеркәсібіндегі қазақстандық үлесті арттыруға атсалысуда.
...Осыдан дәл 47 жыл бұрын ауылдағы ата-анасының құптауымен, Алматыдағы қамқоршы ағасы, аты Алашқа мәлім түрколог ғалым Ғұбайдолла Айдаровтай абыздың ақ батасын алып шеркеш руының сұлуы Тойған Нәукенқызымен бас қосқан-ды. Бір институтта оқыған қос мұнайшы осы күнге дейін жұптары жазылмай, тағдыр тарту еткен қуаныш пен қиындықты бірге көтеріп келе жатыр. Құтты шаңырақта тәрбиелеп өсірген 4 баласынан өрбіген немерелерін қызықтап отырған бақытты жандардың алда көрер қызықтары мен бақытқа бағаланар шуақты сәттері көп болғай!
ххх
21 шілде күні Н.Жантөрин атындағы облыстық сазды драма театрында Бітім Тәжіғұлұлы Кезбаевтың жетпіс жас мерейтойына орай салтанатты кеш өтті. Туған жерінің мақтан етер бір тұлғасы екендігін ел-халқы шынайы құрмет-қошаметімен жеткізген кеште алдымен азаматтың өмірі мен қызметі, адамгершілік, қайраткерлік қырларын ашатын бейнефильм көрсетілді. Құттықтауларға кезек келгенде той иесіне арналған ақ тілектер ақтарылды, сый-марапаттар жасалып, ән мен терме төгілді...
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ