Республикалық «Серпін» бағдарламасы жас талапкерлерге мол жеңілдіктер қарастырады. Әлеуметтік жоба өз жұмысын 2014 жылы бастаған. Сол жылы мемлекет тарапынан 2050 грант бөлініпті. Оның 1050-і жоғарғы оқу орындарына, 1000 грант колледждердің еншісіне тиген. 2015 жылы 5000 грант ЖОО-на, 1200 грант колледждерге арналыпты. Биыл ЖОО-на ─ 3162 грант қарастырылған болса, оның 1000-ы педагогика мамандығы, 345-і ауылшаруашылығы, 100-і медицина, 1717-і техникалық мамандықтар үлесінде. Ал, 1050 грант колледждерге тиесілі. Аталмыш жобаның тиімділігі турасында сөз қозғаған Серік Өтебаев талапкерлерді «Серпін 2050» жобасынан қапы қалмауға, грант иегері атануға шақырды.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы республикалық үйлестіру кеңесінің мүшесі Серік Өтебаев ауданымыздағы №5 орта мектепте жас түлектер, ата-аналар, мұғалімдермен кездесті. Қатысушылар тақырыпқа сәйкес сауалдарына тұшымды жауаптар алды. Кездесудегі мақсат-міндеттер туралы сөйлеген сөзінде Серік Ерқасымұлы: «Бүгінгі негізгі мәселе «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» - «Серпін 2050» әлеуметтік жобасына байланысты. Бұл жобаның іске асып жатқандығына биыл үшінші жыл. Гранттың республикадағы басқа оқу гранттарынан қандай айырмашылығы бар дейтін болсақ, «Серпін» бағдарламасына бес-ақ облыстың талапкерлері қатыса алады. Бұлар Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары. Себебі, бұл өңірлерде туу көрсеткіші жоғары әрі кадр тапшылығы жоқ», - деді ол.
Жоба бойынша осы өңірлердің жастары Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында орналасқан 24 жоғарғы оқу орнының және 58 колледждің біріне оқуға түсуге мүмкіндігі бар.
ЖОО-на түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуден ең төменгі шектік ұпайдан кем болмайтындай ұпай жинауы керек. Бейіндік пәнінің ұпайы кем дегенде 7 баллдан төмен болмауы тиіс. Ал, колледждер үшін ҰБТ және кешенді тестілеу тапсыру шарты жоқ. Колледждерге биыл немесе бұдан бірнеше жыл бұрын 11 сынып бітірген түлектер конкурс арқылы түсе алады. Талапкер қалауы бойынша бір университетті немесе төрт университетке дейін таңдау жасай алады.
Ескертетін жайт, егер бағдарламада көрсетілген 24 ЖОО үшін бөлінген 3162 арнайы грантты (мамандықтарды) таңдамасаңыз, бұл бағдарлама бойынша конкурсқа қатыса алмайсыз. Үміткерлер ЖОО-ның грантына қатысуға 23-31 шілде аралығында өтініш беруі шарт. Ал, грант иелену үшін конкурс тамыздың онына дейін болады.
Бағдарлама грант иегерлеріне жақсы жағдай жасап қойған. 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етіп, шәкіртақысын береді. Пойыз жолын да төлейді. Ал, колледждерге түскендерге 3 мезгіл тамақ және оқу киімі қаралған.
Жиында «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған университет, колледж өкілдері, студент жастар сөз сөйлеп, бүгінгі таңда «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша Маңғыстау өңірінен 309 бала жоғарғы оқу орындарда, 72 бала колледждерде білім алып жатқандығын айтты. Одан кейінгі сөз кезегі аудандық білім бөлімінің басшысы Есен Овезовке берілді.
─ «Серпін» бағдарламасы басталған жылы ауданымыздағы №1 орта мектептен бір оқушы оқуға кетті. Былтыр Маңғыстау өңірінен 300-ден аса оқушы аттанса, оның 45-і осы Мұнайлының шәкірттері. Қазір оқу бітіріп келіп, жұмыс сұрап жүрген жастар көп. Мына бағдарлама тегін оқытады әрі оқуды аяқтаған соң, жұмысқа орналасуға ықпал жасайды екен. Ендеше, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар, - деген Есен Орынбасарұлы ақпараттық түсінік берген қонақтарға алғысын білдірді.
Айта кетейік, бағдарлама барысына қызығушылық танытар талапкерлер болса, көкейіндегі сауалдары бойынша облыс көлемінде арнайы құрылған штабтарға хабарласып, қажетті ақпаратпен таныса алады. Және қосымша мәліметтерді www.serpin-2050.kz сайтынан немесе 33-15-06 нөміріне хабарласу арқылы ала аласыз.
Тоқетерін айтқанда, «Серпін – 2050» бағдарламасының жастарға берер пайдасы мол. Сондықтан да, аталған бағдарламаның игілігінен мұнайлылық жастар шет қалмауы керек. «Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман», - деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, білімдіге әркез дүние жарық. Білімсіздің күні кәріп. Білім алудың ерте-кеші жоқ. Шау тартқан шақтағылар да өз уақытында оқи алмағанын өкініш санайды. Ал, қазіргідей мүмкіндіктер зор заманда білім алмай болдым, еңбек етпей толдым деуге болмас.