- «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау құралы бойынша маңғыстаулық кәсіпкерлердің 15 жобасы мақұлданды. Бұл облыс бойынша аймақтық үйлестіруші кеңестің кезекті отырысында белгілі болды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«West decor» ЖШС - қолдау алған жобалардың бірі. Бұл стартап жоба үйлер мен ғимараттардың сыртқы беттерін безендіруге қажетті сәнді профильдер мен жылу оқшаулағыш жабын өндірісін жақын арада бастауды жоспарлауда. Өзінің ойлаған жобасын жүзеге асыру үшін кәсіпкер «ЦентрКредит» АҚ бөлімшесінен 3 жылға 19% мөлшерлемемен несие алып, жоба ИИДМБ-да айқындалған өңдеуші өнеркәсіптің басым саласында жүзеге асырылғандықтан, 10% мемлекеттен субсидия алып, қалған 9% мөлшерлемені кәсіпкер өтейді. Сондай-ақ ісін бастаушы кәсіпкерге «Даму» қорының 85% мөлшерінде кепілдік беруге қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар, АҮК мүшелерімен Маңғыстау ауданы, Шетпе селосының кәсіпкері ЖК Набиева Клараның жобасы да мақұлданды. Азық-түлік сататын дүкені бар кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысуға бел буып, 10 түйе сатып алады. Жобаны «АзияКредитБанкі» қаржыландырды. 14%-бен 3 жылға алынған несие «Даму-Аймақтар III» бағдарламасы бойынша қаржыландырылды. Жоба ауылдық жерде жүзеге асқандықтан, мемлекет 10% көлемінде субсидия жасап, кәсіпкер несиені 4%-бен өтеуге мүмкіндік алды.
Еске сала кетсек, жыл басынан бері Маңғыстау облысындағы АҮК 53 жобаны мақұлдады.