Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің IT-мамандарынан Маңғыстау облысындағы барлық ауданнан келген жалпы білім беру мектебінің 45 мұғалімі «Бағдарламалау, робот техникасы және 3D-принтинг» курсынан дәріс алды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында болған дәріс 4-14 ақпан күндері өтті. Қала, шалғай аудан мен ауылдардағы мектептің мұғалімдері білімін толықтырды , - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жаңартылған білім бағдарламасына көшуіне байланысты Маңғыстау облысындағы мұғалімдердің біліктілігін көтеру мен әр түрлі бағдарламаларды үйрету көзделген. Соған байланысты Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Сәкен Мұсаев пен шаһардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бас ІТ-маманы Қанат Сапарғали мұғалімдерге ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, 3D модельдеу, үшөлшемді баспа, робот техникасын бағдарламалауды үйреткен. Бұл дәріске математика, физика, информатика пәндерінің мұғалімдері қатысқан. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72296,72297"] Қанат Сапарғалидың айтуынша, мұғалімдерге Scratch және App Inventor бағдарламалау ортасы, Ардуино микроконтроллері, 3D БАСПА қолдануды үйретті. Былтыр 45 мұғалімді оқытса, биыл 90 мұғалімге дәріс беру жоспарда бар екен. «Мен бұл өткізілген дәріс арқылы, бағдарламалауды меңгеріп шықтым. Ашылып-жабылатын үлкен есіктерде ардуино сымы орнатылатынын білдім. Сондай-ақ оның мүмкіншіліктерінің зор екенін түсіндім. Бөлмеге кірсеңіз жарық жанады, шықсаңыз сөнеді. Міне, бұл да ардуино құрылғысы арқылы жасалады. Ал 3D баспасы арқылы заттарға тапсырыс бермей өзің-ақ жасай аласың. Мәселен, біз кішкентай кесені жасап, шығардық. Бұл баспа – үлкен құрылғы. Арнайы бағдарламалар арқылы өзіңе қажет дүниені шығарасың. Ауылға барғаннан кейін оқушыларға айтып, үйреткім келеді. Өзім 5-7 сыныптарға математика пәнінен сабақ беремін. Оқушыларыма тың дүниелерді үйретіп, әр қайсысы өзінің ойлаған жобасын жасағанын қалаймын», - дейді Бейнеу ауданындағы Күйкен орта мектептің мұғалімі Ғабит Құттығұлов. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72277,72278,72279"] Айта кетелік, былтыр елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен 1500 мұғалім оқытылса, биыл Қазақстан бойынша 3000 мұғалімді оқыту жоспарда бар.