Маңғыстауда қызылша ауруынан 62 күдікті жағдай тіркеліп, 41-і зертханалық дәлелденген. Бұл 2018 жылдың желтоқсанынан бүгінге дейінгі мәлімет. Оның басым бөлігі Жаңаөзен қаласында анықталған. Осы себепті арнайы жұмыс тобы құрылып, аурудың алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтылды.
2018 жылы республика деңгейінде қызылшаның тіркелуі көбейген. Сондай-ақ Ресейде 4114, Қырғызстанда 1238, Қытайда 29 мыңнан астам, Украинада 38 мың, Үндістанда 70 мыңнан астам жағдай тіркелген. ДДСҰ мәліметінше, қызылшаның күрт көбеюі екпелеудің төмен қамтылуына байланысты.
«Бізге сырттан келушілер де, шығушылар да көп. Жалпы республика бойынша аурудың өршуі қараша айынан басталды. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Атырау облыстарында жиілеген. Біздің облыста желтоқсан айында тіркелді. Ауру көзі – Астанадан емделіп келген екі бала болды», - дейді МО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлшат Шорбасова.
Мамандар аудан, қалаларды аралап, аурудың алдын алу шараларын жүргізуді қолға алған. Нәтижесінде облыста 1-6 жас аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы егу 99,9 пайызға жеткен.
Күнтізбе бойынша бала қызылша, қызамық, паратитке қарсы екпені 1 жасында және 6 жасында алады. Ал бүгінде ауру жұқтырғандардың көбін 1 жасқа дейінгі балалар құрап отыр, қалғандары 14-35 жас аралығында. Мұның себебі де жоқ еместігін айтады мамандар.
«Себебі анасынан иммунитеті қалыптаспаған. Екпе алуға жасы жетпей, ауруды жұқтырып алып отыр. 90-жылдары вакцина тапшылығы болды. 1990-1995 жылдар аралығында дүниеге келген қазіргі аналарымыздың қызылшаға қарсы екпесі жоқ деуге болады. Олар балаларына иммуниетті бере алмай отыр», - дейді Г.Шорбасова.
Сондықтан биыл 20-29 жас аралығындағы 55610 егілмеген адамдарды иммундау қарастырылған.
Дәрігерлердің сөзінше, ауру жұқтырған адамның алғашында мұрны бітіп, дене қызуы көтеріледі. 5 күннен 17-18 күнге дейін аса белгі бермей, бөртпе шықпағандықтан, науқас байқамауы мүмкін.
«Қызылшаны емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ, жалғыз тиімді қорғау – вакцинация. 2018 жылы екпеден 795 бас тарту тіркелді. Оның 400-ден астамы діни сеніммен байланысты», - дегенді айтты мамандар. Сондықтан МО Дін істері басқармасымен бірлескен жұмыстар қолға алынған.
Айта кетейік, бұған дейін облыста зертханамен дәлелденген 24 қызылша дерегі тіркелгенін жазған едік.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН