Жаңаөзен жастар ресурстық орталығының еріктілері 2 күндік акциясын ұйымдастырды. Еріктілер қаланың тазалығы және көгалдануымен айналысатын «Тазалық» МКК қызметкерлеріне ыстық шай мен тіскебасар таратты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Белсенді жас Қыдырқожа Ахановтың жетекшілігімен студенттер мен мектеп оқушыларынан жиналған 50-ге жуық ерікті акция өткізіп жатыр. Бұл акцияны өткізудегі мақсат - күннің ыстығы мен суығына қарамай шаһардың көркіне үлес қосып жүрген жандардың еңбегін бағалап, ризашылық білдіру. «Бүгін акцияның 2-ші күні. Кеше қалада «Тазалық» МКК қызметкерлеріне ыстық шай мен тіскебасарды таратса, ал бүгін еріктілер Рахат пен Теңге ауылында акцияны жалғастырып жатыр», - дейді Жаңаөзен жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Құрманғалиев. Еріктілер алдағы уақытта әр түрлі шараларды ұйымдастырмақ ниетте. Көктемде ағаш отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жасамақ. Бұндай шараларды әр түрлі тақырыпта ай сайын өткізуді жоспарлап отырған еріктілер, күн жылынғанда ағаш отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жасамақ. - Жаңаөзен қаласында 37 мың жас бар. Еріктілер корпусында барлығы 100 адам. Еріктілер тобы жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқанын қалап колледждер мен мектептерді араламақ. Сонымен қатар жұмыссыздықты жою үшін тігіншілікті тегін үйретіп, оқырмандар клубын ашу жоспарда бар, - деді жастар ресурстық орталығының директоры.