Аудан орталығы Шетпе селосындағы теміржол үстінен жаяу жүргіншілерге арналған өткел салу халықтың көкейіндегі мәселелердің біріне айналған болатын. Себебі, он үш мыңнан астам халқы бар селоның біршама бөлігі шойын жолдың арғы бетінде тұрады. Мектеп, балабақша сынды басқа да әлеуметтік нысандар жолдың бергі бетінде орналасқандықтан «жаңаорпалықтарға» қатынау қиын әрі қауіпті. Осы мәселе 2007 жылы аудандық мәслихат депутаты болып сайланған Шетпе станциясының бастығы Б. Есенгелдиевтің сайлауалды бағдарламасында қарастырылып, аудан әкімінің халыққа есеп беру жиналыстарында қозғалып келді. 2015 жылғы өңір басшысы А. Айдарбаевтың ауданымызға іс-сапары кезінде ауыл ақсақалдары теміржол үстінен көпір салу мәселесі бойынша өтініштерін білдірген болатын. Сол арада облыс әкімі «КаспийЦемент» ЖШС-нің директоры Ә. Азоевпен келіссөз жүргізді.
Өткел жұмыстарына баса көңіл бөліп отырған Шетпе селосының әкімі М.Мүтәлләповтың мәлімдеуі бойынша, көпір салуға қажетті материалдарға «КаспийЦемент» ЖШС демеушілік етіп, нысанның жобасына «ҚарақұдықМұнай» ЖШС ақша бөлген. 2015 жылдың маусым айында аудандық құрылыс бөлімінің өткізген конкурсында жеңген « СМК Атамекен» ЖШС шілде айында басталған жұмыстың межесі үстіміздегі жылдың сәуір айында аяқталуға тиіс болатын. Алайда теміржол бекетінен жолаушы және жүк тасымалдайтын поездардың толассыз қатынауы әрқайсысы 21-23 метрді құрайтын бетон аралықты орнатуда қиыншылықтар туғызды. Осы себепті Шетпе селосының әкімі М.Мүтәлләпов «ҚазақстанТемірЖолы» ҰК АҚ» вице-президенті Б.Камалиевтің өлкемізге сапары кезінде қабылдауында болып, аралықты орнату үшін 96 сағат поездардың қозғалысын тоқтата тұруға рұқсат алды. Жалпы ұзындығы 106 м, ені 3,20 м, биіктігі 6,80 метрді құрайтын көпірдің 4-ші жол үстіндегі аралығы аса қауіпті жүк тасымалы кезінде алынады. Қазіргі таңда құрылыстың 70 пайызы орындалып, тамыз айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұл нысан тұғырлы Тәуелсіздігі екінші мүшелге жетіп, елі жаңарып елуге толған Шетпе селосының мерейтойына тарту болмақ. «Көпір салу сауапты іс» деседі, ендеше сауапты істеріміз көп болғай!
Г. ШЫҢДЫБАЕВА