Елімізде жаңалық пен ғылымды, технологияны, техниканы өндіріспен тығыз байланыстыру мақсатында Индустриалды - инновациялық даму бағыты көзделген. Мемлекеттің бәсекеге қабілетін көрсететін басты көрсеткіш – оның экономикасы болып табылады. Елбасымыздың еліміздегі экономикалық қуатты арттыру, жаңа зауыттар салу арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға және Отандық тауар өндіруге айрықша назар аударғандығының арқасында, бүгінде біз үлкен мүмкіндіктерге ие ел ғана емес, сол мүмкіндіктерді нақты жүзеге асырып отырған дамыған мемлекетке айналып келеміз.
Жуырда ауданымыздағы сулы аймақтардың бірі Шайыр ауылының күнбатыс беткейіндегі жергілікті халық «Мойнақ» деп атайтын жерасты фонтанының іргесінен ашылған «Шетпе сулары LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалпы құны 225 млн. теңгені құрайтын тазартылған су шығаратын зауыттың бүгінгі күнгі аяқ алысы көңіл қуантарлық. Зауытта минералды су шығару технологиясымен қатар суды құятын пластикалық бөтелкелерді дайындайтын соңғы үлгідегі заманауи құрылғылар орналастырылған. Қажетті пластикалық ыдыстар да зауыттың өзінде дайындалады. Жергілікті жастар өндіріс орнында тәжірибе алып, жұмыс жасауда. Автоматтандырылған жүйе пластик шөлмекті қысыммен үріп, одан әрі арнайы жылжытылған конвейермен шөлмекке өңдеу мен тазалаудың бірнеше сатысынан өткізіп, оттегімен байытылған су құйылып, аузы бұрандамен бекітілген соң, сыртына тауарлық белгісі жапсырылады. Кәсіпорында тазартылған судың газдалған және газдалмаған түрде шығарылуы қарастырылған. Аталған өндіріс орны 0,5 литрден бастап 19 литрге дейінгі әртүрлі сыйымдылықтағы құтылармен күніне 15000 литр тазартылған су өндіруге қауқарлы.
- « Қазіргі таңда зауытымыздың жаңадан іске қосылуына байланысты, тек бір ғана жер қойнауын пайдаланушы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – мен келісім шарт жүргізіп, әзірге сол мекеменің сұранысына қарай жұмыс жасаудамыз. Болашақта басқа да жергілікті ірі компаниялармен келісім жасауға әрекеттенудеміз. Зауытта екі ауысыммен күндіз және түнгі ауысыммен жұмыс жасайтын 30 жұмысшы аудандағы жұмыссыздар есебінде тұрған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан алынған. Атап айтар болсақ, 10 әр – түрлі құрылғыларды басқаратын оператор, 10 жүк тиеуші, 3 жүргізуші, дәнекерлеуші, қоймашы, сантехник, 2 күзетші болып жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта жұмысымызды одан әрі дамытып, өнімімізді өткізуге мол мүмкіншіліктер ашылып жатса, ауданнан қосымша бірнеше адам жұмысқа қабылданбақ», - дейді жас та болса бас болып, зауытта атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырған өндіріс басшысының орынбасары Рафхат Қорабаев.
«Ауру астан» демекші ауыз су уланса халық уланады. Әлемдік денсаулық сақтау ғалымдарының мәліметтеріне сүйенсек, адамзат ауруының 90 пайызы сапасыз судың салдарынан туындайтынын ескерсек, бұл мәселенің шын мәнінде қаншалықты маңызды екенін байқаймыз.
Міне, осыған орай тазартылған ауыз су шығаратын бұл зауыт су дайындау барысында суды сүзу, түрлі зиянды заттардан зарарсыздандырады. Сол себепті кәсіпорында әзірленетін бұл су санитарлық - гигиеналық талаптарға сай келеді. Сондықтан бөтелкеге құйылған ауыз су шығаратын кәсіпорынның біздің ауданда ашылуы Маңғыстау халқы үшін қуанышты хабар.
Мұратбек КӘДІРБАЕВ