«Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет-сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауынан
Өңірімізде мемлекеттік бағдарламалар экономиканың өзекті буыны саналатын өндіріс саласына жаңа леп әкеліп, отандық өнімнің өрісін кеңейтті. Индустрияландыру картасының игілігіне айналған «ҚазАзот» зауыты отандық және шетелдік нарыққа шығаратын сапалы өнім көлемін еселеп, өндірісін өркендетті. Өткен сейсенбіде жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өңіріміздегі химия өнеркәсібініңбірегей кәсіпорны «ҚазАзот» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде баспасөз туры ұйымдастырылды. БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген аталмыш серіктестіктің бас директоры Кеңес Орақов зауыттың өндірістік өрісінен хабардар етті.
–Өндірістік өрлеуді бетке алған зауытымызда ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 79 мың 200 тонна азот минералды тыңайтқышы өндірілді. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 63 пайызға артық. Осы жылдың аяғына дейін шетелдік нарыққа 82 мың 700 тонна аммиак селитрасын шығаруды жоспарлап отырмыз. Облысымызда ауыл шаруашылығы саласында шаруа қожалықтарының қажеттілігін толықтай өтеп келеміз. Табиғи газды «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-нан, энергия ресурстарын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-дан сатып аламыз. Тариф те, теміржол тасымалының бағасы да жыл сайын өсіп барады. 2014 жылдан бері «Шағырлы- Шөмішті» кен орнынан газ өндіріп, пайдаланып отырмыз. Бізде қор жетіспейді. Өзімізде газ болғандықтан, электр өндіруді қолға алуды жоспарладық. Кеңес Одағында іргетасы қаланған зауыттың қондырғыларыэлектрлік жүйемен жұмыс жасайды, – деді бас директор.
Оның айтуынша, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ кәсіпорынның аммиак және азот минералды тыңайтқыштар өндіру қуаттылығын жылына 300 мың тоннадан 400 мыңға дейін арттыруға, өнімнің құнын 34%-ға төмендетуге, сондай-ақ шикізатты өндіру және қайта өңдеуге, өткізуге дейінгі толық өндірістік үдерісті құруға бағытталған кешенді жаңғырту жобасын қаржыландырады. «Үдемелі индустриалды- инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобаның құны 56 млрд. теңгені құрайды. Қажетті қаражаттың 72,3 пайызы акционерлік қоғам тарапынан қарызға берілсе, қалғаны – зауыттың қаржысы.
Келешекте кеңістігін кеңейтетін кәсіпорында қазіргі уақытта танкілі және үрлемелі газдардан алынған аммиакты кәдеге жарату қондырғысын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бір топ БАҚ өкілдері баспасөз туры аясында өндірістік алаңда модульдік құрылымды, толықтай автоматтандырылған «Wartsila» финдік технологиясы бойынша қуаттылығы 38,9 МВт болатын газ поршеньді электр стансасының құрылысымен танысты.
– Жаңа өндірістік нысандардың салынуы зауытты жеке электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге, өндірілетін өнім көлемін арттыруға және минералды тыңайтқыштардың сапалық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді. Өткен жылы құрылысы басталған электр стансасы осы жылдың аяғында пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда еліміздің нарығының 80 пайызын жергілікті өніммен қамтып отырмыз, қалған үлес Ресей мен Өзбекстан мемлекетіне тиесілі. Қазақстанның ішкі нарығында «Қазатомөнеркәсіп» ҰК АҚ, «Еуразиялық Топ», «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және тағы да басқа ірілі-ұсақты кәсіпорындарды өніммен қамтимыз. «ҚазАзоттың» шет мемлекеттерде бәсекелесі көп болғанымен,өніміміз Ресей, Әзірбайжан, Польша, Қырғызстан, Украина, Венгрия, Грузия және Балтық жағалауы елдерінде сұранысқа ие. Азот минералды тыңайтқышын түйіршіктелген күйде өндіреміз. Алдағы уақытта сұйықтық түрінде өндіруді қолға алуды жоспарлап отырмыз, – деді «ҚазАзот» ЖШС бас директоры Кеңес Орақов.
Инновациялардың ағынына ілесетін іргелі кәсіпорын озық технологияларды кезең- кезеңімен қолданысқа енгізіп, өндірістегі өркенді жолды жалғастырады. Агроөнеркәсіп кешені мен тау-кен саласының қажетіне арналған минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт «Шағырлы- Шөмішті», «Қосбұлақ» кен орындарын барлау, газ өндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Бүгінде аталмыш кен орындарында 70-тен аса ұңғыдағы газды жинайтын 4 пункт жұмыс жасап тұр. Болашақта 150-180 ұңғыға барлау, газ өндіру ісін ілгерілететін зауытта 300 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН