Қазақстан мен Украина мемлекеттерінің келісімі аясында «Тарас. Шөлмен қоштасу» атты кино туындының түсірілімі бастау алмақ. Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында «Tanaris production» компаниясының директоры, кинорежиссер, Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері Сергей Әзімов пен фильмнің сценарий авторы, жазушы, Украинаның еңбегі сіңген өнер қайраткері Александр Денисенконың және Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрдың директоры Нұрнияз Мұқанұлының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Украиндық ұлы ақын, әйгілі қылқалам шебері, көрнекті қаламгер, озық ойлы саясаткер Тарас Шевченко тағдыр жазуына орай ғұмырының жеті жылын Маңғыстау өңірінде өткізді. Патша үкіметінің қысымымен киелі түбекке айдалып келген ақын артынан өшпес зор шығармашылық мұра, демократияшыл, ағартушылық, гуманистік бағыттағы бағалы еңбектер қалдырды. Өнегелі өмір жолы мен өміршең өнері кино туындының негізгі арқауына айналды.
«Украиндық әріптестерден келіп түскен ұсынысты ойша саралап, сценарий мазмұнына көз жүгірттім. Тағылымды тұлға турасында кино түсірудің сәті түсті. Жобаны көп күткізбей жүзеге асыру керектігін түсіндім. Әрине, ойлы-қырлы, қия-жартасты, кең жазықты, аласа таулы сыры тылсым табиғатымен дара, киелі өлкесіз киноны түсіру мүмкін емес еді. Ұлы Кобзарь мен сол замандағы қазақ халқының тағдыры ұқсас. Олар бір-біріне ниеттес, тілеулес болды. Жарты ғасырдан астам уақыт өтседе Тарас Шевченко есімі Маңғыстау халқының жадында жатталған. Украина тарапының бүгінгі күні қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайға қарамастан кино туындысын түсіруге бел бууы қуантады. Әрине, Маңғыстау облысы әкімдігі мен жергілікті билік өкілдерінің қолдауына алғысымызды білдіреміз»,-дейді С.Әзімов.
«Кинотуынды Тарас Шевченконың 200 жылдығына орай жоспарланған еді. Көркем картина сценарийі 2012 жылы Украинада өткен халықаралық ашық тұсаукесер-питчинг кезінде жүлдегер атанды. Үкімет тарапынан қаржылық қолдауға ие болды. Дегенмен Украинадағы саяси жағдайға байланысты киноны түсіру ісі тұралап қалды. Кино автобиографиялық туындыға жатпайды. Тарас Шевченко жайында түсірілген бейнетаспалардан мүлдем бөлек. Ұлы тұлғаның шығармашылық мұрасы мен өмір дерегіне негізделген көркем қиялдан туындаған дүние деуге саяды. Терең ізденіс, ұшқыр қиял мен астарлы ой, тартымды пікір тоғысынан өмірге келген кейіпкерлер мен оқиғалар желісінен құралған. Қым-қуыт көріністер мен күтпеген бұрылыстар, талас-тартыс, атыс-шабысқа толы мезеттер баршылық. Кинода қызу динамика байқалады»,-дейді А.Денисенко.
Түсірілімдер Шақпақ ата, Сұлтан епе, Жығылған және Бекет ата мен Оғыланды жерлерінде өтеді.
«Ендігі ретте Тарас пен қазақ қызы Катяның алғаш кезіккен жерін іздеудеміз. Қазақтар мен Новопетровск бекініс-қамалы сарбаздарының айқасы өте күрделі түсірілім болмақ. Сонымен қоса, кинода Тарас Шевченконың Бекет ата мешітіне бас сұғып, қазақ ұлтының рухани мұрасымен танысу сәті қамтылады»,-дейді кино режиссер.
Кино туындыда Богдан Бенюк, Анатолий Гнатюк, Валерий Ивченко сынды Украинаның белді әртістері ойнайды. Ал Тарас Шевченко рөлін Борис Орлов сомдайды. Маңғыстау өңірінде өтетін түсірілімдерге облыстық музыкалық драма театр әртістері ат салысады. Басты рөлдегі Қызтумас есімді адай қызына ақылына көркі сай, ширақ әрі шымыр, әртістік қабілеті бар бойжеткен таңдап алынбақ.
«Маңғыстаудағы түсірілімдер 20 күнге жуық созылады. Фильмнің 40 пайызы осы аймақта түсіріледі. Көркем дүниенің ресми тұсаукесері Маңғыстауда өтіп, жергілікті көрермендермен қауышады. Әрине, нақты дата кинотуынды толық аяқталғаннан кейін мәлім болады»,-дейді белгілі кинорежиссер С.Әзімов.
«Маңғыстаудың жер бедері өзге аймақтардан мүлдем бөлек. Жер-Анадан жергілікті халықтың асқақ, өршіл рухы сезіліп тұрады. Киноны басқа аймақта түсіру оның шынайылығы мен бедер-болмысына кері әсер етеді»,- дейді украиндық режиссер.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген: С. Майемеров