Парижде каратэден жылдың алғашқы ресми турнирі – Премьер-лига додасы аяқталды. Қазақстан құрамасының спортшылары рейтингілік жарыстан үш қола медаль жеңіп алды деп хабарлайды mangystaumedia.kz оlympic.kz сайтына сілтеме беріп.
Қоржындағы қоланың бірін маңғыстаулық спортшы Асылбек Мұратов салды. 67 келіде сынға түскен Асылбек қола медаль үшін тартыста италиялық Донофрио Франческомен кездесті. Таразы басы сәт сайын теңесіп, кімнің жеңіске жетері ең соңына дейін жұмбақ болды. Қорытынды есеп 7:7 болып теңескен соң, алғаш болып соққы жасаған Мұратов жеңімпаз атанған.
Асылбектің салмағында өнер көрсеткен Дидар Әмірәлі басқа жасаған соққылары дәл тиіп, марокколық Закария Аюптан 7:0 есебімен басым түскен. Сондай-ақ 60 келідегі Дархан Асаділов Сауд Арабия өкілі Альбашер Саудты 3:2 есебімен жеңіп, өз мансабындағы кезекті қола медальға қол жеткізді. Осылайша Қазақстан каратешілері Олимпиада алдындағы лицензиялық турнирден үш қола медальмен оралып отыр.