ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облыстық филиалында білімін жетілдіріп жатқан тыңдаушыларға «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі таныстырылды. Жоба туралы агенттіктің аумақтық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Ербол Жұмабай толығырақ түсіндіріп өтті. Негізгі міндеттері – тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұрмыстық жемқорлықты жою, азаматтар және бизнес үшін кедергісіз, қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізу. Жоба аясында мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысын қайта қарау, мекеме басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру, қызметтердің барлық бағыты бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттыру және тағы басқа мәселелер қамтылады. Маңғыстау тұрғындары мен қонақтары мемлекеттік органдардың қызметін жақсарту және сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету, жою бойынша өздерінің ұсыныстарын енгізе алады. Сондай-ақ жұмыс барысында туындаған мәселелерді қарау үшін кәсіпкерлер, ғалымдар, азаматтық сектордың және БАҚ өкілдері арасынан сарапшылар тартылмақ. Сонымен қатар «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда жаңа әдістер енгізу мақсатында жоба менеджменті қолданылатын болады. Ол мақсатта жоба аясында Маңғыстау облысы әкімдігінің, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері қатарынан жоба кеңсесі құрылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бар күшімізді саламыз деген тілегін жеткізді. Айта кету керек, жобалық кеңсе «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» атты жобаны жүзеге асыру аясында еліміздің барлық облыстарында ашылған болатын. Академия тыңдаушыларының алдында сөз сөйлеген агенттіктің аумақтық департаменті басшысының орынбасары Ерлеген Мендалиев қолға алынған жоба аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылатынын айтты. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күресті жалғастыру керектігі айтылған болатын және «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында жобалық кеңселердің ашылуын қамтамасыз ету тапсырылған. Осы жобаның жүзеге асырылуы өңір тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша өз жемісін береді деп сенеміз. Бұл бастама облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапты. Сіздер де өз үлестеріңізді қоса аласыздар және осы бағытта атқарылатын жұмыстарды жандандыруға белсенді түрде атсалысуға шақырамын», – деді ол. Сонымен қатар «Маңғыстау - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өз жұмысын бастап кетті. Мұнайлы ауданының бір топ тұрғындары жер учаскесін сатумен айналысатын алаяқтарға алданғандарын айтып, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының араласуын сұрап, өз уәждерін жеткізді. Аудан тұрғындарын Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев тыңдап, тиісті органдар бұл мәселемен айналысып жатқандығын айтты. Ал Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Ержан Тұрмағамбетов болса, бұл мәселеден хабардар екендігін және қазіргі таңда күдіктілердің ұсталып, оларға қатысты тергеу амалдары жүріп жатқандығын баяндады. Жаңа кеңсе облыс әкімдігінің ғимаратында орналасқан. Туындаған сұрақтар бойынша келесі нөмірлерге хабарласуға болады 8 (7292) 30-12-82, 8 701 550 5109, электронды пошта: mng.project@mail.ru
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР