©
Құрылысы жеті жылдай тоқтап тұрған Ақтаудаға онкологиялық диспансер құрылысы қайта жалғасқанын бұған дейін жазғанбыз. Бүгінде құрылыстың 70 пайызы аяқталған. Бұл жөнінде бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтылды. Облыс әкімі Е.Тоғжановтың қолдауымен құрылысына жан біткен ғимарат алты қабаттан тұрады. 14 мың шаршы метрді алып жатыр. Аурухана іске қосылған соң өлке тұрғындарымен қатар көрші облыс науқастарына да жәрдем бермек. «Құрылыс осы жылдың соңына қарай толық аяқталады деген үміттеміз. Бұл ғимаратқа 7,5 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Оның 6 млрд-ы медициналық жабдықтарға бағытталады. Алдыңғы қатарлы, соңғы технологиямен шыққан құрылғылар алынады», - дейді Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің директоры Нұрлан Жариев. Сонымен қатар маман тапшылығының алдын алу, білікті мамандарды өңірге тарту бағытында еліміздің медициналық жоғарғы оқу орындары студенттерімен келісімсөз жүргізіліп жатыр екен. Ал өткен жылы облыстық онкодиспансер 4 жас маманмен толыққан. Айта кетейік, диспансерде 100 орындық аурухана мен диагностикалық орталық болмақ. Химиотерапия, сәулелік терапия, хирургия, күндізгі стационар бөлімі және өзге де бөлемдер орналасады.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА