Жатыр мойны обыры бойынша Маңғыстауда 2 жыл бұрын 600 адам анықталса, 2018 жылы 880-ге жеткен. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің директоры Нұрлан Жариев айтты.
Осыған байланысты қатерлі ауруды емдеу мен алдын алу бойынша прафилактикалық жұмыстар күшейтілген.
«Сырқаты анықталғандар көбейгенімен, өлім-жітім жылдан-жылға азайып келе жатыр. Бүгінде қатерлі ісікке жеткізбей емдеу жақсы жолға қойылды. Жаңа технологиялар алынып, сырқатты анықтау 40 күннен 5 күнге қысқартылды. Хирургия саласында ота жасау көрсеткіші жоғарылады», - дейді Нұрлан Жариев.
Мұның бәрі онкологиялық диспансер мен облысымыздағы емханалардың тығыз жұмыс істеуінің арқасы дегенді айтады мамандар.
Тағы бір бағыт – сәулемен емдеу. Бұдан 5 жыл бұрын 3-4 адам сәулемен ем алса, қазір олардың қатары 200-ге жеткен.
Дәрігерлер жаман аурумен күресу үшін екпе егуді жоспарға енгізген. Ерікті түрде жүргізілетін екпе халықты, оның ішінде жасөспірімдерді адам папилломасы вирусынан, жатыр мойны обырынан қорғайды.
«Екпе екі түрлі препаратпен жүргізіледі. Олар: гардасил және церварикс. 9 жастан 26 жасқа дейін салынады. 9-10 жаста ата-анасының рұқсатымен алғашқы дозасын қабылдайды. 2 айдан соң екінші, 4-6 ай өткен соң үшінші дозасын алады. Екпені онкодиспансерлерде немесе емханаларда қабылдауға болады», - дейді облыстық онкологиялық диспансердің онкогинекологы Әлия Бегімова.
Вакцинациялау бойынша мамандар осы жылы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА