Бүгін Ақтаудағы №21 мектептің 5 сынып оқушыларына «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында ашық сабақ өтті. Бұл ашық сабақтың ерекшелігі – Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, балаларға түрлі экспонаттарды көрсетілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бүгін ақтаулық оқушылар тарих сабағын облыстық өлкетану музейінде оқыды. Ашық сабаққа 5 сынып оқушылары қатысып, белсенді араласты.
Сабақ ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт, тарихи сананы жаңғырту бөлімдерінен тұрды. Оқушыларға атқа міну мәдениетін, аң стилі мен алтын адам жайында түсіндірді. Сонымен қатар Ұлы жібек жолы жөнінде мағлұмат берілді. Оқушылар зергерлер, тарихшылар, этнологтар, археологтар болып 4 топқа бөлінді.
Оқушылар үшін бүгінгі сабақ тағылымды болды.
«Елбасының «Ұлы дала жеті қыры» мақаласындағы атқа міну стилі жайында жазғаны ұнайды. Ата-бабаларымыз жылқыны мінгісі келсе көлік ретінде, жегісі келсе тамақ ретінде пайдаланған. Музейде өткен бүгінгі сабақ көңілімнен шықты», - дейді 5 сынып оқушысы Жанбота Түркменбаева.
Бұндай игі шараның музейде болуы жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындатып, қызығушылығын оятады.
«Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бойынша облыстық музейде шаралар легі жүріп жатыр. Бұл мақала музейдің жұмысымен де тығыз байланысты. Сондықтан тарих пәнінің мұғалімдерімен бірлесе отырып балаларды оқыту маңызды. Музейден ұлы даланың жеті қырын ғана емес, қазақ фольклорының 77 қырынмен танысуға мүмкіндігі бар», - дейді Маңғыстау облыстық тарихи өлкетану музейінің маманы Нұршат Кәлкенбаева.
Сонымен қатар музейде 10 сыныптың оқушылары мен мамандар арасында «Ұлы дала өркениетіндегі Ұлы тұлға» тақырыбында конференция өтті. Келелі жиында дала данасы, ғалым, саясаткер, дәрігер, тілмаш, діндар Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы жайында сөз қозғалды.
«Оразмағанбет Тұрмағанбетовтің өмірлік жолына тоқталдық, оқушылар өзінің ғылыми ізденістерін байқатты»,- деп атап өтті тарих пәнінің мұғалімі Мейрамгул Байталасова.
Ақкенже БЕРКЕНОВА