Бүгін Астана қаласында «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Президент Н.Ә. Назарбаев қатысты. Ол қоғам өмірінің барлық аспектілеріне жастардың кең ауқымда және тиімді қатысуы үшін Жастар жылының маңыздылығын атап өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашылу салтанатында спикерлер ретінде әртүрлі салада жетістікке жеткен жастардың белсенді және креативті өкілдері, оның ішінде жас кәсіпкер Расул Абдуллаев, жас ғалым және стартапер Иван Крепак, волонтерлар өкілі Айсұлу Ерниязова, аграрлық сала өкілі Тамила Розметова сөз сөйледі.
Іс-шараға жастардың барлық санаттағы өкілдері: «100 жаңа тұлға» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар, студент және жұмысшы жастар, жас спортшылар, дарынды балалар, танымал блогерлер мен вайнерлер, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, ерекше қажеттіліктері бар жастар, жас әскери қызметшілер қатысты.
Елбасының Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды, оның аясында мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдауға және іске асыруға бағытталған шаралар қабылданатын болады.
Іс-шара басталар алдында «Жас қазақстандықтардың жобалары» көрмесінде Елбасына дарынды қазақстандықтардың "Naimi.kz", «Shoqan suits», «Qazaq eli», «Beyond», «Kusto Group» секілді табысты жобаларымен таныстырылды.