Заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл бойынша жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде жасырын 7 казино анықталған. 110 процессор, 131 монитор, 23 моноблок, 8 чек принтері, 14 чек сканері, 88 теледидар, 4 чек аппараты, 6 жүйелік блок, 3 покер үстелі, 5 бейнебақылау жүйесі, 1 wi-fi роутер, 531 фишкалар және 2 011 805 теңге сомасына ақшалай қаражат алынған. Сондай-ақ Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Еренғалиұлы Жаналиновтың айтуынша, былтыр алкоголь өнімінің заңсыз айналымы саласындағы жедел-тергеу іс-шаралары барысында "Евразия Элит" ЖШС-нен 34 454 бөтелке, "Максимус" ЖШС-нен - 113 029 бөтелке, Өзбекстан Республикасының арақ өндірісінен - 1 542 бөтелке тәркіленген. «Маңғыстау облысы бойынша МКД құрылымдық бөлімшелерінің бірі – Экономикалық тергеу қызметі. Ол салық төлеуден жалтаруға, экономикалық контрабандаға, жалған ақша жасауға, жалған шот-фактуралар шығаруға, Мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына, заңсыз ойын бизнесіне, Мемлекеттік сатып алу және т. б. саласындағы заңнаманы бұзуға қарсы күрес саласында жұмыс жүргізеді. Өткен жылы мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы саласында 17 қылмыс анықталды. Алып қойылған мұнай өнімдерінің жалпы саны – 42,9 мың литр дизель отыны және 15,7 мың тонна мұнай. Осы бағыттағы құқық бұзушылықтардың өткен жылмен салыстырғанда өскені байқалады. Сонымен қатар бюджет қаражатын ұрлау саласында 342 080 100 теңге сомасында 36 қылмыс анықталды», - дейді Д.Еренғалиұлы. Оның ішінде, дәрігерлер жүктілігі, босануы бойынша демалыста және бір жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін қаражатты заңсыз алу фактілері кездескен. «Мысалы, 2016-2017 жылдар аралығында Форт-Шевченко қаласы әкімі аппаратының қызметкері өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, 2 451 843 теңге көлемінде мемлекеттік қаражатты ұрлаған. Осы факті бойынша 2018 жылғы 27 шілдесінде қылмыстық іс қозғалып, 2017 жылдың 27 желтоқсанында Түпқараған аудандық сотының үкімімен қылмыстық іс қысқартылды», - деді Д.Еренғалиұлы.