Республика бойынша 2018 жылға 403,5 млрд.теңге бюджет түсімі жоспарланып, 2,6 млрд. теңгеге артығымен (406,0 млрд.) орындалған. Оның ішінде республикалық бюджет – 266 млрд теңге, жергілікті бюджет – 140 млрд теңге. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналинов айтты. 2017 жылдың нәтижесі – 327 млрд болса, өткен жылы мемлекеттік бюджетке одан 78,6 млрд.теңге артық түсім түскен. «2018 жылы шоғырландырылған бюджетке, яғни ұлттық қорға түскен салық жиынтығы 1067,9 млрд.теңге болды. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 347,2 млрд.теңгеге артық. Ал қосымша резервтерден бюджетке 7,5 млрд.теңге түсті. Оның ішінде жергілікті бюджет – 1,1 млрд.теңге. 2017 жылы өткізілген 2000-нан астам салық тексерудің нәтижесі – 5,2 млрд болса, 2018 жылы тексеру 834-ке дейін төмендеп, қосымша түскен қаржы 10,5 млрд құрады. Атап айтқанда 118 кешенді, 89 тақырыптық, 273 жекелеген сұрақтар бойынша, 351 қарсы тексеріс, 3 хронометражды тексеріс», - дейді Данияр Еренғалиұлы. Былтыр 87 камералық және 8 көшпелі тексеру жүргізілген. 2018 жылғы камералдық бақылау нәтижелері бойынша 2520 салық төлеушілердің мекен – жайларына 4392 хабарландыру таратылған. Департамент басшысының мәліметінше, өткізілген іс – шаралар қорытындысы бойынша 3994,7 млн.теңге қосымша ақы алынып, 1218,6 млн.теңге республикалық бюджетке түскен. «Сондай-ақ былтырдан бастап біз «Астана-1» электронды декларациялау жүйесіне көштік. Кедендік рәсімдеу уақыты алдыңғы жылдары 4-12 сағатқа дейін болса, бүгінгі таңда жасыл дәлізбен өтетін кедендік рәсімдеу 1-2 минутқа дейін қысқарды. Бұл – кәсіпкерлікке пайдалы нәрсе деп санаймын. Соның арқасында 2018 жылы сыртқы сауда айналымы – 77,2 млн АҚШ долларын құрады», - деді департамент басшысы. Бұдан бөлек 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап тауарларды импорттау қолданысқа енгізілді. Сондай-ақ өткен жылы Департамент тексерісі нәтижесінде 116 әкімшілік іс, 6 қылмыстық құқық бұзушылық фактісін тіркелген (есірткі құралдары - гашиш 1,39 г, марихуана 17,1 г, гашиш 059 г, марихуана 9,59 г). Олардың 9-ы сотқа дейінгі тергеуге жіберілген.