Жақында Астана қаласында өткен ерлер және әйелдер арасында армрестлингтен Қазақстан чемпионатына мұнайлылық спортшылар да қатысып қайтты.
Жарыста 12 облыстан келген 200 астам спортшы, қыздар арасында 50-ден +80 келі салмақ дәрежесіне дейін, 7 салмақ бойынша, ерлер арасында 55-ден +110 келі салмақ дәрежесіне дейін, 11 салмақта сынға түсті.Облыстың атынан Басқұдық ауылының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен 8 спортшы барды.
− Аталған белдесуге спорт мектебімізден 3 ұл, 5 қыз аттанған болатын. Ойын соңында командамыз 1 күміс және І қола жүлдені еншіледі. Қыздар тобынан Әсима Ақшабай ІІ орынға ие болып Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды және қыркүйек айында Болгарияның София қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды. Әсима алдағы уақытта Әлем чемпионы атағына ие болады деген үміттеміз. Ал екінші қызымыз Берниязова Айдана 65 келі салмақта ІІІ орыннан көрінді,-дейді жаттықтырушысы Исембай Матенов.