Ақтау қаласындағы «Достық» үйінде Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ-сі Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырды. Сонымен қатар «Шаңырақ» шығармашылық конкурсының қорытындысы бойынша журналистерді марапаттады.
Аталмыш конкурсқа өңірдегі 15 журналист өздерінің жұмыстарын ұсынған болатын. Олардың әрқайсысы Қазақстан халқы бірлігі күні, Қазақстанның қоғамындағы этносаралық келісімді нығайту, облысымыздағы этномәдени бірлестіктер, ұлтаралық қарымқатынастар туралы тақырыптарды қозғаған. Оның ішінде «Мұнайлы» газетінің тілшілері Ш.Жұман мен Ә.Таңатарованың еңбектері де бар. Олар этножурналистика мен мәдениетаралық диалогты дамытуға, ұлттық бірлікті нығайту мен қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін облыс әкімі, облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасы А.Айдарбаевтың «Алғыс хатымен»және қаржылай сыйлықпен марапатталды.Сондай-ақ сайыста үздік деп танылған жұмыстар республикаға жіберілетін болады. Біздің басылымның тілшілерінің еңбегі де осы тізімде.
Шара барысында Маңғыстау облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Г.Исмурзина БАҚ өкілдерін құттықтап, өз сөзінде журналистер қауымының еңбегіне табыс, шығармашылығынашабыт тіледі. Және олардың қоғамдағы ұлтаралық татулықты сақтауда қосып жүрген үлесін тілге тиек етті. Журналистика саласының ардагері П.Долматов, Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Г.Балғожаева, РҚБ Ақтау филиалының «Қазақстан кәрістері қауымдастығының» төрайымы Р.Маденова «Қоғамдық келісім» КММ басшысы А.Жайлханова да жылы лебіздерін арнады.
Сондай-ақ сол күні түстен кейін газетіміздің тілшілері А.Жексембайқызы мен Ә.Таңатарова облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиеваның қабылдауында болып, кәсіби біліктілігі мен жоғары жетістіктері үшін облыс әкімі А.Айдарбаевтың «Алғыс хатын» алды.