Алатаудың етегінен, Сарыарқаның төсіне орын тепкен, ертегідегі Ер Төстіктей жыл сайын емес, ай сайын өсіп өркендеп келе жатырған Астанамыз 18 жасқа толып отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың шешімімен ерке Есілдің жағасында еңсесін тіктеп, бой түзеген ару Астана - бүгінде еліміздің экономикалық, саяси – мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналды. Міне, осынау сәулеті сән берген Елордамыздың туған күні 6 шілде болып бекітіліп, бүгінде елдік сипатта жылдағы дәстүр бойынша жер – жерде тойланды. Қазақтың дербес елдігін әлемге танытқан бейбітшілік пен келісім ордасы Астананың туған күнін, аудан халқы да көтеріңкі көңіл – күймен қарсы алды. Мереке аудан жұртшылығының қатысуымен «Жайнай бер, Астана!» концерттік бағдарламасымен басталды. Жаздың жайдарлы күнінде, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтаған аудан әкімі Ж.Айтуаров:
-«Елордамыз Сарыарқа төсіне көшірілген жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әр жыл сайын Астана өзінің туған күнін тойлайды. Астана Еуропа мәдениетінен – прагматизмді, ал Шығыстан рухани дәлдікті мұра етіп алады. Таяу болашақта Астана Қазақстан Республикасының ірі саяси, мәдени және іскерлік орталығы, осы заманғы қаласы болады» - деген болатын.
Астана қаласының мерекесі барша қалың қазақтың, бүкіл Қазақстанды мекен еткен ұлттардың ортақ қуанышы. Барша қазақ елі Астана қаласына қарап бой түзейді. Оның қатарында біздің ауданымыз да бар.
Бүгінде ауданымыздың экономикалық, әлеуметтік әлеуеті артып келеді. Биылдың өзінде Қазақстан Республикасының Индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Карьерьтау» ЖШС-нің жалпы құны 300,0 млн. теңге құрайтын темір бетон зауыты және жеке кәсіпкер Шымбаевтың тас карьеріне құны 150 млн теңгені құрайтын техника құралы инвестициялық жобаларға енгізілді, «Шетпе сулары LTD» ЖШС-нің минералды су шығаратын Шайыр минералды су цехы іске қосылды.
Сонымен қатар Жармыш селосынан «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 4 пәтерлі муниципиалдық тұрғын үй құрылысына жергілікті бюджеттен 24,6 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Тұщықұдық, Шайыр селоларында кәсіпкерлердің қолдауымен жаңадан салынған мешіт ғимараты бой көтеріп, халық игілігі үшін қызмет етуде.
Ауданда халық игілігіне қызмет ететін бірнеше жеке кәсіпкерлік нысандары ашылды. Оның ішінде ірі жоба ретінде Қарашоқы шағын ауданынан ашылған жеке кәсіпкер Ж.Жанбуршиеваның «Болашақ» балабақшасы және жеке кәсіпкер Б.Құсымбаевтың жеке медициналық орталығын атауға болады.
Атқарылған істермен қатар үстіміздегі жылы аталып өтілетін аудан орталығы Шетпе селосының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында Жаңаорпа шағын ауданы мен орталықты қосатын жаяу жүргіншілер үшін темір жол көпірі, Шетпе, Қызан селоларында заманауи жылыжай құрылыстары, жеке кәсіпкер Б.Елемесовтың минералды су шығаратын цехы және монша ғимараты, вокзал маңынан қонақ үй объектілері, сонымен қатар Шетпе селосының Жаңаорпа, Қарашоқы, Ескі Шетпе және Орталық шағын аудандарында жаяу жүргіншілер жолы пайдаланылуға беріледі деп жоспарланып отыр.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы біз жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, қанына патриоттық сезімдерді сіңірудеміз. Осылардың барлығы бір арнаға тоғыса келе, ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет етіп жатыр. Астана-елдің береке дарыған Ақордасы, бірлігіміздің ұйытқысы! Ендеше, Астана күні баршаңыздың отбасыларыңызға құт - береке әкелсін, ел мерейі үстем болсын! Жаңа тарихымыздың беттері жарқын істермен толыға берсін!», - деп тілегін білдірді.
Сондай-ақ мерекелік кеште халқымыздың санын көбейтіп еліміздің демографиялық дамуына үлесін қосқан батыр аналарымыз Шайырлық М.Еңсегеноваға, Ақшымыраулық С.Тұрарбековаға «Алтын алқа», Шетпе селосынан О.Атантаева, Ұ.Дауылбаева, А.Мәденова, Р.Нұрбергенова, Шайыр селосының тұрғыны Л.Жолдыбаеваға «Күміс алқа» табыс етілді. Ал, ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей үлес қосып жүрген Маңғыстау газ шаруашылығының маманы М.Мәуленұлы, «Маңғыстау жылы, су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға қатысты сумен қамту шаруашылық шебері Е.Қауқаров, Шетпе көгез су тарату орталығының операторы Б.Ізденов, «МКДСМ»ЖШС – нің қызметкері Ж.Қарабасов, «Карьертау» ЖШС – нің қызметкері Н.Жұмаханов аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.