Маңғыстауда менингококк инфекциясымен ауруханаға түскен сарбазға «Іріңді менингит, менингоэнцефалит» диагнозы қойылды. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысының ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, 30 қыркүйек күні сағат 17.00-де №6656 әскери бөлімінің 21 жастағы жауынгері ауыр жағдайда Маңғыстау облысының ауруханасына жеткізілген болатын. Қазіргі уақытта науқас әлі де облыстық аурухананың жұқпалы аурулар орталығының жансақтау бөлімінде жатыр. Әскери қызметкер жасанды тыныс алдыру құрылғысымен тыныс алуда.
«Қыркүйектің 25-і күні әскери қызметкер денсаулығына байланысты шағымданып, қызуы көтерілгенін айтты. 26-нан бастап біз қарадық, бірақ өміріне қауіп төнетіндей жағдай болмады. Ем тағайындалды, емін алған соң, қызуы түсіп, тері бөртпесі қайта бастады. Содан кейін бізге қайтадан қызуы көтерілгенін хабарлады. Тері бөртпесі қайта шығып, дәрігерлердің қарауымен жұқпалы ауруханаға жатқызу қажет болды. Содан Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізіліп, онда оның жағдайы нашарлады. Бірақ менингит, менингит жұқпасы емес пе белгісіз болды. Біздің әскери бөлімде эпидемияға қарсы шаралар жүргізе бастадық. Жауынгердің кіммен қарым-қатынаста болғанын анықтадық. Ал инфекционист дәрігерлер барлық сарбаздарды тексерді. Лабороториялық талдау нәтижесінде менингококк жұқпасы анықталмады. 12 жауынгерден жедел респираторлық вирусы шықты, бірақ оларға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - деді «Батыс» ұлттық гвардиясының әскери эпидемиологы Қуаныш Нармұханбетов.
Жиында жағдайы ауыр солдатты аман алып қалу үшін дәрігерлер барын салып, барлық ем-домның жасалынып жатқаны айтылды.«Бұл сарбаздан менингококк инфекциясы табылған жоқ. Диагнозы менингоэнцефалит, іріңді менингит». Бұл жұқпалы ауруға жатпайды және ауамен де тарамайды. Қазіргі таңда сарбаздың жағдайы ауыр жағдайда. Күнделікті телемедицинамен профессор оқытушылармен кеңес алып отырмыз. Барлық қажетті емді алып жатыр»,- деді МО Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс инфекционисті Гүлбану Аманжолова.
Маңғыстау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Бекмұрат Өтесінов бұл жағдай туралы былай деді:
«Бізге хабар түскеннен соң 15-20 минуттың ішінде әскери бөлімге барып алдын-алу шараларын жүргіздік. Дәрігерлерде өз жұмыстарын бастады. Талдау қорытындылары шықты. Негізі менингиттің 3 түрі болады: менингококктық инфекция, серозды менингит және іріңді менингит. Мұның ең қауіптісі – менингококктық инфекция. Бұл ауамен тарайды. Қоршаған ортаға өте қауіпті. Ал қалған екеуі қауіпсіз менингит. Сондықтан бірінші кезекте менингококктық инфекцияға талдау қорытындысы бойынша – теріс болып шықты», - деді ол.
Брифингте №6656 әскери бөлімді тексеру барысында 12 жауынгерде жедел респираторлық вирусты инфекциясы анықталып ауруханаға жатқызылғандығы айтылды. Олардың қазіргі жағдайы туралы Гүлбану Аманжолова:
«Қазіргі таңда 12 жауынгер жедел респираторлық вирусты инфекция назофарингитпен емделіп жатыр. Олардың жағдайлары тұрақты. Жақын арада ауруханадан шығарылады. Тексеру барысында олардан ешқандай инфекция табылған жоқ», - деді ол.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ