Маңғыстауда «Жаңғырған Жібек жолы» атты облыстағы белсенді әлеуметтік желі қолданушылары мен республикалық блогерлердің медиа керуені өтті. Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің бастамасымен былтыр алғаш рет өткен бұл шара биыл да жалғасын тауып отыр.
Екі күнге созылған сапарда Марфуға Шапиян, Әйгерім Бегімбет, Динара Болат, Артур Нығмет, Арнұр Асқаров, Айдос Сарым, Ербол Молдажанов, Нұрлан Нұрғазин, Яков Федоров, Өркен Кенжебек сияқты ел арасында белгілі блогерлер Маңғыстаудың көрікті жерлерін аралап, тарихымен танысты. Өлкенің өндірістік әрі туристік мүмкіндіктерін тереңірек білуге тырысты.
29 қыркүйек күні блогерлер өзінің сапарын «Отпан» тарихи-мәдени кешенімен, Айрақты, Шерқала тауларымен танысудан бастады. Одан соң «Көгез» этноауылында болып, Торыш алқабындағы шар тастардың пайда болу тарихын білді. Қапамсай шатқалы мен Жығылған мүйісінің де ерекшелігі Маңғыстаудың қонақтарын тамсандырмай қоймады.
«Бұл - Маңғыстауға алғашқы сапарым. Бұрын «Маңғыстаудың жер бедері ғарышқа ұқсайды, өте ерекше, сіздің көргеніңіз бізде де бар» деген пікірлерді оқитынмын. Шынында да, солай екен. Көргенім күткенімнен артық болы», - дейді жиһанкез блогер Динара Болат.
30 қыркүйек күні медиа керуеннің қатысушылары Каспий теңізінде желкенді қайықпен серуендеп, Құрық порты паром кешенінің жұмысымен танысты.
«Маңғыстауға осымен 10 рет келіп тұрмын. Бұл жолы медиа керуен аясында келдім. Бұған дейін болып көрмеген көптеген жерді араладық. Мысалы, Торыш алқабындағы шар тастарды, Шақпақ ата, Сұлтан үпі жерасты мешітін көрудің өзі бір ғанибет. Маңғыстау өңірі өзінің табиғатымен, ата-бабадан қалған мәдени мұраларымен мақтана алады. Сонымен қатар Құрық портының да қызметімен таныстық. Ол - бүгінгі күннің жемісі. Яғни біз Маңғыстаудың туристік әлеуетімен ғана танысып қоймай, қазіргі экономикалық даму бағытына да зер салдық», - деді өзінің медиа керуеннен алған әсерімен бөліскен блогер Яков Федоров. Ол өз сөзінде туристік орындарға баратын жолдарға жол көрсеткіштері орнатылса, әрі тарихи орындар туралы ақпараттар көбірек айтылса деген тілегін де жеткізді.
Кешкісін маңғаз Маңғыстаудың меймандары облыс әкімі Ералы Тоғжановпен кездесті. Өңір басшысы кездесу барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы әңгімелеп, журналистер мен блогерлердің сауалдарына жауап берді. Жүздесуден соң блогерлер Маңғыстау облысының әкімімен бірге теңіз жағасында серуендеп, жағалауды бойлап жатқан жартаста естелікке суретке түсті.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ