Қыркүйек айында Санкт-Петербург қаласында менталды арифметика бойынша әлемдік рекорд жаңарды. 150 бала эстафеталық әдіспен 30 мың есепті 26 минут, 26 секунд, 12 миллисекундта шығарды. 120 мемлекеттен жиналған балалардың қатарында ақтаулық Орынгүл Арыстан да бар. Жылдамдығы мен алғырлығының арқасында көзге түскен Орынгүл тарихи оқиғаға өз үлесін қосты. Зерек оқушының бұл алғашқы жетістігі емес. Онымен тілдесіп, шетелге сапары, жетістігі туралы сұрау мақсатында ол оқитын қаладағы № 17 мектепке бардық.
Бізді сынып жетекшісі Айнагүл Мақсатқызы қарсы алып, сыныпқа ертіп барды. Орынгүл орыс тілі пәнінен үй тапсырмасын айтып жатыр екен.
-Орынгүл бұл мектепте 1 сыныптан бері оқиды. Мен өткен жылы 5 сыныпқа келгенде қабылдап алдым. Оқу озаты, барлық сабақтан үлгерімі жақсы. Менталды арифметикаға 4 сыныптан бері қатысады. Бұл бірінші жеңісі емес. Былтыр желтоқсанның 11-і күні өзі 11 жасқа толғанда Малайзияда өткен менталды арифметика олимпиадасында 3 мың баланың ішінен бас жүлдені жеңіп алды. Кеше ғана Ресейден рекорд жаңартып келді. Одан бұрын Астана қаласында өткен сайыста да жеңімпаз атанған, - дейді Айнагүл Кадирбаева.
Орынгүл «UCMAS» халықаралық интеллектуалдық даму академиясының Актаудағы филиалында оқып жатыр. Қазір он деңгейдің төртіншісіне жеткен. Мұғалімі қабілеті мен қарымы қатар шапса, жоғары деңгейлеріне бірнеше айда қол жеткізуге болатынын айтады.
-Жарыста кішкене қобалжу болды, өйткені қатысушылар өте көп. Барлық елдің қатысушылары бір тапсырманы кезек-кезек орындадық. Бәрімізге бір ғана қалам беріп, уақытты есептеп тұрды. Сонда ментальды арифметика бойынша рекорд жаңарттық, - дейді Орынгүл.
-Орынгүл алғаш үйірмеге қатыса бастағанда топта 5-6 бала болды. Жалпы балалар менталды арифметикаға қызығып бастағанымен, аяғына дейін жеткізе алмай қалады, шыдамай кетеді. Ал Орынгүл ынтасымен, талабымен көзге түсті. Кез келген салаға да талабы өте жоғары, қатысатын үйірмесі көптігі сонша, бос уақыты жоқ, - дейді менталды арифметикадан дәріс беретін мұғалімі Қарлығаш Абдреимова.
Жақындары мен таныстары арасында «колькулятор» атанып кеткен Орынгүл болашақта дәрігер болуды армандайды. Математикамен қоса қазақ тілі, дене шынықтыру, технология және музыка пәндерін сүйіп оқиды екен.
-Есеп шығарудан бөлек сурет салғанды ұнатамын, би билеймін. Ағылшын тілін үйреніп жүрмін, - дейді өзі.
20 қыркүйек күні Санкт-Петербург қаласындағы ІІ Еуразиялық халықаралық әйелдер форумында Әлемдік Рекорд кітабының және Азия Рекорд кітабының өкілдері тапсырманы қыздарға сынақ ретінде ұйымдастырған. Бұл – тарихта алғаш рет орын алған әлемдік рекорд. Балалар форумға қатысқаны үшін, Рекорд орнатқаны үшін дипломдармен және Ресейдегі Қазақстан елшісінің Алғыс хатымен марапатталған.
-Жарысқа кетер алдында үздіксіз дайындалдық. «Шаршадым, жалықтым» демей, күнделікті уақытында келіп тұрды. Жазғы демалыста болған ұзақ уақыт үзілістен кейін 8 минутта берілген 200 есептің бірден 136-сын дұрыс шығарды. Бірақ өз нәтижесіне көңілі толмай, уайымдады. Сөйтіп бір аптаның ішінде 180 есепке дейін үлгеріп, 160-ын дұрыс шығаратын деңгейге жетті. Орынгүл ешқашан кері шегініп, әлсіздікке берілмейді. Әр жарысқа дайындығы мығым, өзіне деген сенімі нық болып аттанады, - дейді мұғалімі Қарлығаш Исақызы.
Алғыр оқушы шетелге шығып жарысқа қатысу арқылы елдердің мәдениетімен, тарихымен танысып, жаңа достар тапқан.
-Өткен жылы Малайзияға барғанда «Егіздер» деп аталатын алып ғимарат бар екен, сол ерекше ұнады. Олардың қалалары, ғимараттары, халқы, тілдері, тағамдары өзгеше. Ал Ресейде саяхаттауға көп уақыт болмаса да қаланы аралап, тарихи орындарына барып, Петр І өмірі, қандай тұлға болғаны туралы біраз мәліметтермен таныстық, - дейді ол.
Жыл сайын өтетін менталды арифметика олимпиадасы биыл Малайзия елінде 6-11 желтоқсан күндеріне жоспарланған. Ұстаздарының айтуынша, Орынгүлдің оған қатысу-қатыспауы ата-анасының мүмкіндігіне, отбасы қаржысына байланысты.
-Жарыстарға ата-аналар өз қаржысымен барып, балаларын қатыстырып келеді. Малайзияға барғанда да, осы жолы да отбасының қолдауымен анасы апарып келді. Қандай да тараптан жеңілдік, қолдау көрсетілгенін байқамадым, - дейді сынып жетекшісі.
Орынгүл екі таңбалы сандарды лезде қосып, оларды бір таңбалы сандарға жылдам көбейте алады. Тексеріп көрмекке аяқ асты тапсырма бергенбіз. Бейнежазбаға назар аударыңыз.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
және Орынгүлдің жеке мұрағатынан суреттер алынды
https://www.youtube.com/watch?v=VD_ZSqpeUt8&feature=youtu.be [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="62764,62759,62760,62762,62786,62787,62788,62789"]