Ақтауда №17 орта мектепте арнайы білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті қолдау көрсету орталығы ашылды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына "НұрОтан" партиясы МО филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Аутизмге шалдыққан балалар көмекке мұқтаж екенін көрсетіп, өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 2015 жылы «Нұр Отан» партиясы және Ақтау білім беру басқармасының қолдауымен «Болашақ» корпоративтік қоры «Әр бала мектепке лайықты» жобасын жүзеге асырды.
«Әр бала мектепке лайықты» жобасы бойынша аутизмге шалдыққан балалар білім алуға құқылы екендігін дәлелдейді. Бұл жоба басталғалы бері 600-ден астам маман даярланып, елімізде 20-дан астам мектепте инклюзивті қолдау көрсету сыныптары және 8 мамандандырылған оңалту орталықтары ашылды. Астана, Алматы, Шымкент, Орал, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Петропавл, және Ақтау қалаларында аутизмге шалдыққан балалардың және басқа да ерекше қажеттіліктері бар 248 бала мектепке барды.
Ақтаудағы инклюзивті сыныптың ашылуына «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова, сондай-ақ Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова, қалалық білім беру бөлімінің бастығы Светлана Тулебаева, «Нұр Отан» партиясы облыстық және қалалық филиалының өкілдері, қалалық мектеп директорлары, ата-аналар мен ұстаздар қатысты.
Динара Шайжүнісованың айтуынша, «Әр бала мектепке лайықты» жобасы басталғалы бері адамдар, қайырымдылық қорлары, қоғамдық ұйымдар осындай оң бастамаға ерекше қызығушылық таныта бастаған.
«Барлық заңдарға, мүгедектердің құқығын ратификациялау туралы құжаттарға қарамастан, мектептер аутизмге ұшыраған немесе мүгедектігі бар балаларды қабылдауға дайын емес. Сондықтан біз «Әр бала мектепке лайықты» жобасын жүзеге асырдық, себебі мұндай жандар қоғамның ең осал бөлігі. Соңғы 10 жылда әлемде және Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалар саны 10 есеге өскен. Аутизммен ауыратын балалар саны ЖҚТБ және қант диабетімен ауыратын балалар санына қарағанда көбірек болып отыр. Қазіргі кезде әлем бойынша аутизм ауру ретінде емес, қалыпты жағдай ретінде қабылдануда. Осы жобаның негізінде қолданбалы мінез-құлық талдауы әдісін қолданамыз, онда әр баланың өз жеке тәрбиешісі және жеке даму жоспары бар, - деп түсіндірді Шайжүнісова.
Оның айтуынша 2018 жылдан бастап білім беру бағдарламасына сәйкес педагог-көмекшілер даярланып, оқу процесінде аутизмге шалдыққан балаларды сүйемелдеу үшін заңды негізде қызмет ететін болады.
Жиында ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары осындай жобаны Ақтау қаласында жүзеге асырғаны үшін Динара ханымға алғыс ұсынып, рахметін айтты.
"Ата-аналар балаларының жалпы білім беретін мектептерге баруын армандайды. Бұдан бұрын біздің балаларымызды мектепке алмайтын. Сол себепті, өз қаражатымызбен біз балаларды үйде тәрбиелеп, психологтар мен дефектологтарға жүгінетінбіз. Бүгін бізге керемет мүмкіндік берілді, осы жобаны қолға алған жандарға алғысымды білдіремін», - деді ата-аналардың бірі.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="62437,62438,62439"]