©
Мұнайлы ауданында қалдықтарды сұрыптау станциясының құрылысы аяқталды. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков айтты.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және өңдеу мәселелері туралы баяндаған Д.Құсбековтің айтуынша, 2018 жылдың 8 айында өңірде жиналған 129 521 тонна қатты қалдықтың 10 254 тоннасы полигонда өңделген.
«Облыста қазіргі таңда 20 417 дана қоқыс контейнері қажет, соның 10 093 немесе 49% орнатылды. Маңғыстауда санитарлық нормаларға сәйкес келетін қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 8 полигон бар. Олар Ақтау, Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларында, Бейнеу, Құрық, Жетібай, Шетпе ауылдары мен Қаламқас кен орнында орналасқан», - деп атап өтті ол.
Жаңаөзенде қуаты 2,2 млн м3 қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату зауыты жұмыс істейді.
Сонымен қатар Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылына жақын жерде жылына 50 000 тонна қалдықты сұрыптай алатын станцияның құрылысы аяқталды. Дүйсен Құсбековтың айтуынша, станцияда полигонда көмуге тыйым салынған 8 фракцияның қалдықтары сұрыпталатын болады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттың архивінен